Қазақта «жол мұраты – жету, дау мұраты – біту» деген сөз бар және «дау мақсаты – әділдіктің басын ашып алу, жау мақсаты – көздеген жерін басып алу» деген де тәмсіл бар. Себебі, дауласушы екі тарап та өз істерін әділ деп сендіріп бағады, сондықтан дауласады. Мұндайда бұрынғы ақсақалдар дауды басынан шешіп, шешімді әділден кесіп, даурыққанды ортаға салып, биге жеткізбей реттеп отырған.
Міне, сол ұлы болмысымыз бүгінде медиаторлар арқылы жүзеге асуда. Бұл 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңмен реттелген. Енді осы жайлы кеңінен сөз қозғасақ.
Медиатор деген кім дейтін болсақ, ол – тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, тараптардың өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және оның функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға. Былайынша айтқанда, бұрынғының қазысы ғой. Қазылық ететін адам да бұрын дәл осылай таңдалған. Тіпті, кішігірім даулар мен бәстерде де төрелік сұраушыға осы талаптар қойылатын. Ал енді осы медиаторлардың өзі бүгінде екіге бөлінеді: олардың бірі – медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар, ал, екіншісі – кәсіби емес медиаторлар.
Заңда атап көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес те негізде жүзеге асыра алады. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасы Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз таза, адал адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар.
Енді бабаларымыздың тәжірибесіне сүйенсек, би сайланатын адам жастайынан дарын-қабілетімен көзге түскен, халықтың сынағынан өткен, елді ұшқыр ой, шешендігімен, туралығымен мойындатқан, би тәлімін алғандар болды. Құдды бір медиаторлықты оқыған маман секілді. Ал төрелік ету жасы ортадан асқан адамдарға берілген. Бұл кәсіби медиатор емес пе? Тарихи әңгімелерімізге қарап отырсаңыз, бұл екі бағыты да ел тыныштығы үшін, әділдік пен ақиқат үшін қызмет еткен. Міне, бүгінде соны қара қылды қақ жарар мамандар жалғастыруда.
Медиаторлар өз қызметін тек қана жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. Мұны бабаларымыз тегіне, ата жолын адал жалғастыруына қарап реттеген. Әкелерінде әділетсіздік еткен адамды би сайламаған.
Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі. Оны тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады.
Медиацияның мақсаты – дауды шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және дауласуды төмендету. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей біз де риза, ол да риза деген сенімге жұмыс жасауы тиіс.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып саналады.
Соттың қарауында жатқан жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болады.
Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады.
Бұл жүйе «дауластырмақ даушыдан, елдестірмек елшіден» дегендей, соттасып көңіл қалдырғанша, түсінісіп елді біріктіруді мақсат етеді. Екі жақ та өз ішіндегі дауын еш бүкпесіз, шектеусіз айтып алады және әділ шешілгеніне өздерінің көзі жетеді. Сондықтан бұл ата-бабамыздың салып кеткен сара жолы деп айта аламыз.
«Дау мен отты тұтанбай тұрып өшір» демекші, ел ішін алауыздыққа алдырмай, бітімнің берекесін көріп жүре берейік.
Әсел КАРБОЗОВА,
Қызылорда қалалық сотының судьясы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<