ДСҰ-ның жаңа басшысы

352

0

Женевадағы Дүниежүзілік сауда ұйымының бас кеңесі ұйымның басшысы қызметіне Нигерия өкілі Нгози Оконджо-Ивеаланың кандидатурасын мақұлдады. Нигерияның бұрынғы қаржы министрі жаңа қызметіне 1 нау­рыздан бастап кіріседі.

Өзінің айтуынша, Оконджо-Ивеала, ең алдымен, әлемдік сауданың коро­навирус пандемиясынан кейін қайта қалпына келуіне ерекше мән береді. Жаңа төраға Дүниежүзілік сауда ұйымының қазіргі уақытта көп­теген проблемамен бетпе-бет келіп отыр­ғанын еске салды. Оның сөзіне сенсек, ұйымдасқан нәтижелі жұмыс бұл ұйымды әлдеқайда қуатты, бүгінгі күнге бейім­делген белсенді етеді.

– Бұл жол – өте ұзақ, ауыр және белгісіздікке толы. Бірақ жаңа күн туды, енді нағыз жұмысты бастауға болады. Бүгінде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттер тарихты өз қолымен жасап отыр. Ұйым құрылған 73 жылдан бері алғаш рет әйел адам, Африка өкілі басшылыққа келді. Бұл – нағыз серпіліс. Мен жақсылыққа сенем, – деді Нгози Оконджо-Ивеала.

Жаңа төрағаны Еурокомиссия басшысы Урсулуа фон дер Ляйен құттықтады. Ол өз құттықтауында бұл сәттің тарихи маңызын ерекше атап өткен. Фон дер Ляйеннің айтуынша, Еуроодақ Дүниежүзілік сауда ұйымының реформасын жақтайды және ережеге негізделген көпжақты сауда жүйесін қорғауға көмектеседі. Айта кетейік, ұйым басшысының лауазымы өткен жылдың 31 тамызынан бері бос тұрған болатын. Осыған дейінгі төраға Роберту Азеведу сол күні басшылық уақыты аяқталмаса да, қызметінен кетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<