Дүние дүрмек

475

0

Байлар 1,4 трлн жоғалтты

2022 жылдың алғашқы жартысында әлемдегі ең бай 500 адамның дәулеті 1,4 триллион долларға азайған.

Бұл туралы «Блумберг» агенттігі хабарлады. Бай-бағландардың мүлкіне ғаламдық қор нарықтарының күрт құлдырауы әсер еткен. Мысалы, «Тесла» компаниясының басшысы Илон Маск 62 миллиард долларынан айырылса, «Амазон» компаниясының негізін қалаушы Джеф Безос 63 миллиард долларын жоғалтқан.

Дегенмен, Илон Маск әлі де әлемдегі ең бай адамдардың көшін бастап тұр. Екінші орында Джеф Безос, ал үшінші орынға француз бизнесмені Бернар Арно тұрақтаған.

9 күн айттайды

Биыл құрбан айт мерекесінде түркиялықтар 9 күн демалады.

Бұл туралы министрлер кабинеті отырысынан кейін ел президенті мәлімдеді. Демалыс күндері шілденің 9-ы мен 17-сі аралығына бекітілді. Бұл – екі жылдан кейін сақтық шараларынсыз өтетін алғашқы құрбан айт.

Сондықтан ел жұрт ешқандай шектеусіз ғибадат етіп, айттай алады. Әдетте туыстас халық бұл күндерде алыстағы ағайынын іздеп, туған өлкелеріне саяхаттайды. Жергілікті әкімшіліктің алдын ала белгілеген жеріне құрбандық шалады. Қауіпсіздікті он мыңдаған сақшы күзетеді. Мамандардың пікірінше, 9 күндік демалыс ішкі туризмге де оң әсер етеді.

Борщ – мәдени мұра тізімінде

Украинаның борщ әзірлеу дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл шешімді ЮНЕСКО Конвенциясына мүше мемлекеттердің өкілдері кіретін Материалдық емес мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет қабылдады.

Комитеттің атап көрсетуінше, «елдегі жағдай бұл элементтің өміршеңдігіне қауіп төндіріп тұр. Себебі, адамдардың борщқа қажетті жемістерді өсіріп, оны әзірлеуге мүмкіндігі жоқ. Дәстүрді жалғастыру үшін бірге жинала алмай да қалды».

Украина борщы 2020 жылы елдің материалдық емес мәдени мұралары тізіміндегі элементтер қатарына қосылған. Ал, Ұйымның репрезентативтік тізіміне енгізу мәселесі Комитет отырысында 2023 жылы қаралуы керек болған. Алайда, Украина тарапы Комитеттің мүше мемлекеттеріне мәселені жедел қарау жөнінде өтініш түсірген. Ұйым сайтындағы ақпаратқа сәйкес, аталған тізімге енгізілуі борщ әзірлеудің украиндықтар арасында әлеуметтік және мәдени маңыздылығы барын көрсеткенімен, бұл мұраға меншік иелігі туралы құқық бермейді.

24 секундта бір адам

Жыл сайын жол-көлік оқиғасы салдарынан әлемде 1,3 миллион адам мерт болады, яғни әр 24 секундта бір адам қаза табуда. Миллиондаған адам жарақат алады немесе мүгедек болады.

 Бұл мәселе БҰҰ Бас ассамблеясының жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған отырысында талқыланды. «Жол-көлік оқиғасы – дөңгелегі бар тыныш эпидемия сияқты. Бұл кездесу – нақты шаралар қабылдауға және прогреске жету үшін өте маңызды мүмкіндік» деді БҰҰ Бас хатшысы.  Жол-көлік оқиғасы әлемдегі 5-29 жас аралығындағы жастардың өлімінің ең көп таралған себебі. 10 құрбанның тоғызы орташа және табысы төмен елдерге тиесілі.

Бас хатшы Антониу Гутерриш жолдағы өлім-жітім инфрақұрылымның нашарлығына, дамымаған урбанизацияға, денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігіне, ел ішіндегі және мемлекеттер арасындағы теңсіздікке байланысты екенін атап өтті. «Жол-көлік оқиғалары отбасыларды асыраушысынан, табыс көзінен айырып, ұзақ уақыт медициналық көмекке мұқтаж етуі мүмкін» деді ол. Гутерриш мемлекеттерді жолдарын жақсартуға шақырып, тегіс жолдардың тұрақты дамуға апаратынын атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<