Ел байлығын еселегендер

211

0

Кеше Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы саласының үздіктеріне арналған «Алтын дән-2023» салтанаты өтті. Еңбек адамдарын құрметтеуге арналған маңызды шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, озаттарды құттықтады.

– Бұл – еңбек пен төккен тердің нәтижелі жемісін таразыға салар шақ. Бұл – біздің диқандардың асыға күтетін күні. Бұл күні біз жиған-тергенімізді қамбаға құйғанымызды айтып, диқан мерейін тасытамыз. Бар үмітін егінге артқан ел алдында есеп береміз. Халқымыз «Несібесі мол елдің егіні бітік шығады» дейді. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаш диқандары биыл да толайым табысқа қол жеткізіп, сенім үдесінен шықты. Өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосты. Шілденің ыстығына, суармалы судың аздығына қарамастан, маңдай терімен мол өнімге қол жеткізген дала еңбеккерлеріне қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Мұның бәрі – аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің жемісі. Биыл еңбекші қауым ала жаздай күтіп-баптаған егінін жинап, ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінен жоғары өнім алды.  Осынау ел байлығын молайтудағы ерекше табыстарыңыз құтты болсын! Астық жинаудың алғы шебінде болған қырман майталмандарын «Алтын дән-2023» мерекесімен тағы да құттықтаймын! Дала еңбеккерлерінің ел байлығын молайтудағы табыстарына ерекше ризашылығымды білдіре отырып, шаңырақтарыңызға шаттық,  құт-береке  тілеймін, – деді аудан әкімі.

Шарада А.Ибраимов еңбек адамдары мен шаруа қожалықтарына ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатын, ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының I дәрежелі «Еңбек даңқы» және «Елеулі еңбегі үшін» медальдарын, облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарын және «Озат шаруашылық», «Озат агроном», «Озат бригадир» номинацияларын құрметпен табыстады.

Аудандағы ақжолтай жаңалықтың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Имамзада Шағыртаевты елорда төрінде өткен салтанатты жиында марапаттаған еді. Бұл – бір азаматқа ғана емес, аудандағы барша еңбек адамдарына, жасампаз істерге берілген жоғары баға.

Мерекелік жиында Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев әріптестерін мерекемен құттықтап, ел Президентінің еңбек адамдарына құрметі ерекше екенін айтып, ыстық сәлемін жеткізді.

– Қадірлі ағайын! Бүгінгі «Алтын күз» салтанатында ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген азаматтарды шын жүректен құттықтаймын. Сіздер қандай марапатқа да лайықтысыздар! Жақында ғана Мемлекет басшысы қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алдым. Президентіміз еңбек адамдарын құрметтеу жайлы жиі айтып келеді. Бұл – менің ғана жетістігім емес, елдің, Сыр диқандарының арқасы. Халықтың бата-тілегінен артық ештеңе де жоқ. Сондықтан елге қызмет етуден жалықпайық. «Таң ЛТД» серіктестігі ұжымы мен өз атымнан, сондай-ақ отбасымның атынан халыққа алғыс айтамын, – деді И.Шағыртаев.

Айта кетейік, биыл аудандағы шаруашылық құрылымдары 37 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның 19800 гектары Сырдың бағалы дақылы – күріш. Жалағаштықтар оның әр гектарынан 58 центнерден алып, қамбаға 114 мың 840 тонна астық жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 130 мың центнерге артық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<