Еңбек заңдылығының сақталуы – ұдайы назарда

148

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бүгінде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрамында 12 салалық кәсіподақ қамтылған. Онда 1007 кәсіподақ ұйымы мен 96 мыңнан астам азамат мүше ретінде біріккен. Былтыр жаңадан 16 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 644 жұмыскер кәсіподақ мүшесі атанды. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымдарына қосымша 568 жұмыскер мүшелікке қосылды. Яғни, өткен жылы 1212 жұмыскер кәсіподақ қатарына қосылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев мәлімдеді.

-2023 жылы – «Қауіпсіз еңбек жылы» болып жариялануына байланысты біздің салада бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, былтыр әлеуметтік әріптестердің үш жақты комиссиясының 10 отырысы өтті. Аталмыш жиында кәсіпорындардағы еңбек қатынастары, жазатайым оқиғалардың алдын-алу, ұйымдарда ұжымдық шарт жасасу туралы мәселелер қаралды. Осыған сәйкес, қазіргі таңда облыс көлемінде жағдай тұрақты, әлеуметтік шиеленіске тәуекелі бар мекемелер жоқ. Облыстық кәсіподақтар орталығының жанындағы штабпен еңбек ахуалы үнемі бақылауда болады. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі, жұмыс беруші және облыстық кәсіподақтар орталығымен 52 ірі кәсіпорында «Еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы мен өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және персоналды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы» Меморандумдар жасалды. Келісім аясында кәсіподақ ұйымдарына ұжымдық шарттарды қайта қарастырып, өзгерістер енгізу туралы ұсыныс айтылды, – деді Мақсұт Ыбрайханұлы.

Брифинг барысында «Senim» денсаулық сақтау саласы мен «Yntymaq» кәсіпкерлік кәсіподағында атқарылған жұмыстардың нәтижесі айтылып, алдағы жоспарлар баяндалды.-Қазіргі таңда «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» құрамында 53 бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, оған 20 мыңнан астам азамат мүше ретінде тіркелген. Біздің кәсіподақтың басты міндеті – медицина саласында қызмет ететін мамандардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту. Осыған сәйкес, былтыр 300 қызметкер шипажайларда ем алса, 100 медицина саласының маманына жеңілдікпен жолдама берілді. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласының мамандарын қатыстыра отырып, спорттың 8 түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды, – деді “Senim” денсаулық сақтау саласы жұмыскерлері салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Сәулебек Искаков.

-«Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының басты міндеті – орта және шағын кәсіпкерлік саласында қызмет жасайтын азаматтарды өзара ынтымақтастыққа шақыру болып табылады. Осыған байланысты ұдайы қызметкерлермен кездесу өткізіп, еңбек ұжымындағы шешімін таппаған мәселелерді оңтайландыру жолын қарастырамыз. Бүгінде біздің салалық кәсіподақта 2000-ға жуық мүше бар, – деді «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Марат Бәйімбетов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<