Ескерткіш ережеге сай қойылуы керек

140

0

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы елімізде тұлғаларға ескерткіш орнату мәселесіне айрықша назар аударғаны белгілі. «Соңғы кезде ата-баба­сының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Ата­сына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәр­биесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды», – деді Президент.

Мемлекет басшысының Жол­да­­уында: «Соңғы уақытта тек бір өңір­де белгілі адамдарға ескерт­кіштер қою үрдісі бай­қалады. Жер­гілікті ко­мис­сия­лар бұған жол бер­­меуі керек. Респуб­ликалық комис­сия заң­сыз ше­шім­дердің алдын алуға тиіс. Егер бар­лығы тек ата-ба­баларына ескерт­кіштер қойса, елде трайбализм мен жершілдік орнайды. Бұл мәселеге мұқият назар аудару қажет» делінген. Сондықтан ескерткіштерді орнату кезінде заң шеңберінде жұмыс істеу өте маңыз­ды.

Мәдениет және спорт ми­нист­рі­нің «Монументтік өнер құры­лыс­та­рын орнату қағи­да­ларын бекі­ту туралы» ере­же­­сіне бірқатар ма­ңыз­ды өз­­­ге­­ріс­ енгізілді. Жаңа қа­ғи­да мо­ну­менттік өнер құры­лыс­­та­рын орнату жұмыстарын заң­­нама шеңберінде жүр­гізуге ба­ғыт­­талған. Сондықтан осында қам­тылған маңызды талаптар жөнінде жұртшылыққа баяндауды жөн көріп отырмыз.

Осы қағидаға сай мону­мент­тік өнер құрылыстарын ор­нату жө­ніндегі жұ­мыс төмен­дегі талап­тарға сәйкес жүр­гі­зіледі:

Бірінші, құрылысты орнату ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыр­кү­йек­тегі №1465 «Мерейтойлар мен атау­лы күндерді мерекелеу тура­лы» қау­лы­сымен айқындалған көр­некті тұлға­­лардың мерейтойлық және атау­лы күн­деріне орайлас­ты­рылады. Осы қаулыға сәйкес жа­ңа ескерткіштер белгілі тұл­ғалар мен айтулы оқиғалардың жүз жыл­­дықтарына, одан кейiн әр­бір ширек ғасырлық жылдар­да орнатылады. Екінші, құры­лыстарды заңды немесе жеке тұлғаларға тиесілі же­кеменшік учаскелерде орнатуға ты­йым салына­ды. Үшінші, бір елді ме­­кенде жеке бір тұлғаның немесе тақырыптық маңыз­ды та­рихи оқиғаға арналған бір ғана құрылыс орнату қарасты­рылған.

Төртінші, облыстардың, рес­пуб­лика­лық маңызы бар қа­ла­лар­дың, аста­наның жергi­лiктi атқа­ру­шы органдары құ­рылыс бойын­ша жұмысты жос­парға сай жүргі­зеді. Жоспар­ды министрлік әзір­лейді және жос­парға енгізу үшін ЖАО-лар өз ұсыныстарын қаржы­лан­ды­румен, жер учаскесін бө­лу тура­лы шешіммен тарих жә­не мәдениет ес­­керт­­кіштерін қорғау жөніндегі жергі­лік­ті ко­миссияның хаттамасымен растауы қажет.

Бесінші, орнатылатын құ­ры­лыс­тардың үздік жобаларын ЖАО-лар рес­публикалық шы­ғар­машылық кон­курс жариялау арқылы анық­тай­­ды. Осы конкурстың нәтиже­сінде үздік деп танылған кемінде үш жұмыс жобасы монументтік өнер құ­ры­лыс­тарын орнату жө­ніндегі комис­сия­ның қара­уына ен­гізу үшін министр­лікке жолданады.

Алтыншы, комиссия мақұл­да­ған жұмыс жобаларын ЖАО жоғарыда көр­сетілген жоспарға сәйкес мер­зімде орнатады.

Бұдан өзге Президент тапсырма­сы­на сәйкес трайбалистік сипаттағы жа­ңа ескерткіштерді орнатуға жол бе­ріл­мейді. Сонымен қатар жаңа ес­керт­кіштерді орнату кезінде рес­публи­калық ономастика комиссия­сы бекіт­кен «Тарихи тұлғалар» ті­зімін бас­шылыққа алу қажет.

Осы орайда алдағы уақытта жа­ңа ескерткіштерді орнату жө­ніндегі жұмыстар жоғарыда көрсетілген жа­ңа қағидаларға, сондай-ақ Прези­дент­тің осы бағыттағы қосымша тап­сыр­маларына сай жүргізіледі, қол­даныстағы тәр­тіпке сәйкес келмейтін ұсы­ныс­тар қараусыз қалды­ры­лады.

Бұл шаралар – монументтік өнер құрылыстарын орнатуды реттеуге ба­ғытталған тиімді қадам, сондықтан заң­намалық тәртіпті қатаң сақтау қажет.

Монументтік өнер – ұлттың рухани кодын сақтау мен ұр­паққа жеткізудің бір жолы. Осы бағыттағы құқықтық өз­­ге­рістер ескерткіш ор­нату ісін жүйелі, ашық және жа­уап­ты үдеріске айналдыруға ба­ғыт­талған. Мә­дениет және спорт ми­нистр­лі­гінің жаңа қағи­далары осы са­ланың сапалы дамуына сер­пін береді және тарихи жадыны жаңғыртуға үлес қосады.

Зухра СЫЗДЫҚОВА,

облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<