Францияда қала мэрінің орынбасары қызметін атқарып жүрген қазақ қызы туралы не білеміз?

103

0

Франциядағы Крей қаласының мэриясында Йешим Саваш есімді қазақ қызы жұмыс істейді. Йешимнің атасы Қазақстанда, әкесі Түркияда, ал өзі Францияда дүниеге келген деп хабарлайды Хабар24.

Йешим Саваш жастайынан саясатпен айналыса бастап, отызға толмай туған қаласының яғни, Крей қаласы мэрінің орынбасары болып сайланған. Йешим Саваш күндіз мектепте жұмыс істейді, ал кешке қаланың мәдени мәселелерімен айналысады. Францияда бұл қызмет негізгі жұмыстан босатпайды. Алты жылға сайланған Йешим бұл мерзімде Крей қаласының мәдени ортасын дамытатын үлкен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Сондай-ақ тарихи отанымен тығыз байланыс орнатпақ.

«Бұл керемет болды. 2014 жылы қалалық кеңеске сайланғанда, халықаралық қатынастармен айналыстым. Крей түрлі елдердегі 12 қаламен серіктестік орнатқанын айта кету керек. Отбасымыз бүкіл Крейдегі жалғыз қазақтар, сондықтан Қазақстанмен байланыс орнатсақ жақсы болар еді. Мен әлемдегі бірнеше шаһармен осындай жұмыс атқарып үлгердім. Арасында Түркиядағы Кушадасы бар. Қазақстандағы қалалардың бірімен ынтымақтастық орнатуды өзім үшін үлкен абырой санар едім», – дейді Крей қаласы мэрінің орынбасары Йешим Саваш.

Қазақстанда әлі болмаған Йешимнің бір арманы – атамекеніне бару. Өткен ғасырдың ортасында туған елінен кетуге мәжбүр болған атасы өз тамырын ұмытпай, туған жерін қадірлеп, қастерлеуді үйреткен. Йешим үйінде ұлттық тағамды жиі дайындап, дәстүрін сақтап келеді.

«Әке-шешем Түркия азаматтары, өзім Франция азаматымын. Алайда ұлтың кім деп сұрағанда, үнемі қазақпын деп жауап беремін. Ата-әжеммен бірге тұрмағандықтан, ана тілімді үйрене алмадым. Бірақ оған қарамастан өзімді қазақпын деп есептеймін. Қазақстанда мені мақтан тұтқанын көріп, көзіме жас келді. Бүкіл елдің қолдауына ие болу – үлкен абырой», – дейді Йешим Саваш

. Қала мэрінің орынбасары болып сайланғаннан кейін Йешим Франциядағы қазақтар ортасында жұлдызға айналған. Ол туралы Қазақстан, Орталық Азия мен Моңғолияның бұқаралық ақпарат құралдары жазған болатын.

Йешим елдегі қазақ жастары одан үлгі алып, саясатпен айналысатынына үмітті. Көп ұзамай Қазақстан Францияда тұратын қандастарының жаңа жетістіктерін мақтан тұтатынына сенімді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз