Германия Аргентинаның кебін киді

570

0

Катар елінде өтіп жатқан доп додасында жанкүйерлер күтпеген сенсация сериясы жалғасуда. Әлем чемпионаты басталар алдында Германия құрамасы Жапонияға есе жіберіп қояды деп күткен жоқ. Криштиану Роналду бастаған Португалия жұлдыздары Гананы әрең жеңеді дегенді кім ойлады? Қысқасы, доп додасының тартысты ойындары алда деген үміттеміз.

Әлемдік додада төрт мәрте чемпион атанып, бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрінген неміс футболшылары қай кезде де мықтылар қатарында саналады. Е тобында сынға түсіп жатқан олар Жапониямен ойын барысында да Аргентина және Сауд Арабиясы кездесуіндегі жағдай қайталанды.

Алдымен Германия құрамасынан 33-минутта Илкай Гюндоган пеналтиден есеп ашқан еді. Екінші кезеңде Жапония қарсыластың қарқынына лайықты төтеп бере білді. Есесіне қарымта шабуылда гол соғатын мүмкіндік іздеді. Нәтижесінде 75-минутта Рицу Доан таразы басын теңестірсе, Такума Асано 83-минутта Жапонияны алға шығарды. Осылайша неміс футболшылары қарсыласына 1:2 есебімен жол беріп, сенсациялық жағдайы тіркелді.

 Аталған жеңілістен кейін Германия құрамасының ойыншылары матчқа қатысты пікірлерін білдірді.

Құраманың қақпашысы және капитаны Мануэль Нойер аталған сәтсіздік орнын алдағы ойындарда толықтыруға тырысатынын жеткізді. «Біз көптеген мүмкіндікті құр жіберіп алдық. Біз соңғы минуттарда қорғаныс шебінде дұрыс әрекет жасай алмадық. Бұл ең маңызды ойын болатын және біз онда жеңіліп қалдық. Енді аса ауыр қарсылас – Испаниямен кездесуде басқа ойын көрсетуіміз қажет. Онда бар күшімізді салып, қабілетімізді көрсетуге тырысамыз» деп ағынан жарылды.

Ал құраманың жартылай қорғаушысы Илкай Гюндоган гол соғатын бірнеше мүмкіндік пайдаланылмай қалғанын атап өтті.

«Біз Жапония мақсатын тым жеңілдетіп бердік. Екінші голдың соғылатын реті жоқ болатын. Нойер құраманы бірнеше голдан сақтап қалды. Бізде шабуылда көптеген жақсы мүмкіндіктер болды, бірақ екінші гол ақыры соғылмай қалды. Ойынды қорғаныстан бастай алмай қалдық. Салдарынан пас берумен ұзақ ойнап кеттік. Барлық дерлік ойыншы допты алғысы келмеген сияқты көрінді. Тым көп қателікке бой алдырдық. Әлем чемпионатында осыншама қарапайым гол бұрын-соңды соғылмаған болар» деді Гюндоган.

Тарихи жеңістен кейін жапониялық жанкүйерлер мәдениеттілік үлгісін көрсетті. Өздері орналасқан бөліктегі қоқысты тазартып, оны арнайы жәшіктерге жеткізді. Осылайша өзгелерге өнеге көрсетті.

Ал аталған топтағы Испания құрамасы алғашқы кездесуінде Коста-Риканы 7:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Мұндай ірі жеңіс дүбірлі дода тарихында бесінші мәрте тіркеліп отыр.

Бұл – әзірге 2022 жылғы Әлем чемпионатындағы рекордтық көрсеткіш. Алайда, ол рекордты жаңарта алған жоқ. 1954 жылы Венгрия Оңтүстік Кореяны, Югославия Заирды (Конго Демократиялық Республикасы) 9:0 есебімен тас-талқан етсе, 1982 жылы Венгрия футболшылары Сальвадорды 10:1 есебімен жеңді.

Ал F тобында Бельгия құрамасы Канаданы 1:0 есебімен әрең жеңсе, Марокко мен Хорватия 0:0 есебіне қанағат білдірді.

G тобында бақ сынайтын Бразилия футболшылары да бірінші ойында Сербияның қарсылығына тап түсті. Екі  құрама  бұған дейін екі мәрте кездесті. Екеуінде де Бразилия футболшылары басым түсті. Ойын тізгіні негізінде бразилиялық  футболшылар қолында болды. Көп уақыт бойы сербиялық құрама қорғанысы сыр берген жоқ. Ойын барысында бразилиялық Ришарлисон 62 және 73-минуттарда соққан голы бес дүркін Әлем чемпионы атанған құрамаға жеңіс алып келді.  Ол осылайша ұлттық құрама сапында 19 гол соғып үлгерді.

Аталған топтағы тағы бір кездесуде Швейцария Камеруннан 1:0 есебімен басым түсті.

H тобында Португалия мен Гана кездесуі тартысты өрбіді. Криштиану Роналду бастаған жігіттер аталған біріншілікке үлкен үмітпен келді. «Алтын доптың» бес дүркін иегері атанған жұлдыз үшін биылғы доп додасы мансабындағы соңғы мүмкіндік деуге болады. 2016 жылғы Еуропа чемпионатында үздік шыққан португалиялықтардың Әлем біріншіліктерінде пәлендей жолы болмай келеді. Олардың еншісінде 1966 жылғы доданың қола жүлдесі ғана бар. Сондықтан Фернанду Сантуштың шәкірттері барын салатыны анық. Аса тартысты өткен бәсеке 3:2 есебімен еуропалықтардың пайдасына шешілді.

Аталған ойында Криштиану Роналду пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Осылайша ол бес Әлем чемпионатында гол соққан бірінші ойыншы атанды. Шабуылшы бұған дейін 2006, 2010, 2014 және 2018 жылғы Әлем чемпионаттарында мергендігімен көзге түскен еді. Ол ұлттық құрамасы сапындағы 112-ші голын соқты.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<