Ғылыми жобалар байқауында Nis Kyzylorda оқушылары бес жүлделі орын иеленді

1517

0

Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 300-ге жуық оқушысы қатысқан додаға  264 жоба ұсынылды. Жұмыстар «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде», «Экономикалық және әлеуметтік процесстерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – «Казақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен перспективалық туристік бағдарлар» сияқты төрт бағытты қамтыды. Сыр өңіріндегі NIS командасы бұл сайыста 12 зерттеу жұмысын таныстырып, ғалымдардың жоғары бағасын алды. 

12-сынып оқушысы Нұрай Өмірзақова ортағасырлық Жанкент қалашығындағы тың зерттеулерін таныстырды. Оның айтуынша қазіргі таңда Сыр бойында құпиясы ашылмаған 40-тан астам қалалар бар екен. Солардың бірі – орта ғасырдағы Оғыз хандарының резиденциясы болған Жанкент республикалық маңызға ие тарихи қала болып табылады.

– Археологтармен жүргізген сұхбат барысында Жанкент қаласы аймақ бойынша ең басты қыш өндіруші орталық болғаны анықталды. Сонымен қатар жергілікті халық егін шаруашылығымен айналысып, сыртқы импорт көмегінсіз елді астықпен қамтамасыз ете алғанын білдім. Менің ойымша тарихты сақтап қалу үшін қаланың фотосуреттерін геоинформациялық жүйелерде (ГИС)  енгізу қажет, – дейді Нұрай. 

Ал 9-сынып оқушысы Арайлым Әшірмет жастардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыруға арналған «Сенің “кітап сөрең”» атты онлайн платформа жасады.  Әдеби сайт ерекшелігі өзі оқыған сүйікті кітаптарының мазмұнына сүйене отырып көлемді шығармалармен танысуға мүмкіндік беретін мультимедиялық лонгридтер әзірледі.

– Бұл электронды «кітап сөресінде» оқырмандар әлемдік классиканың үздік туындыларымен таныса алады. Әртүрлі мультимедиялық элементтерді қолдану арқылы оқырмандардың қызығушылығын арттыра аламыз, – деп бөлісті Арайлым.

Химия секциясында 12-сыныптың білім алушысы Зарина Айсауытова өз ғылыми жаңалығын таныстырды. Ол кальций силикатының золін вакуммда өңдеу және оның мыс катиондарын сорбциялау қасиетін зерттеу арқылы өндірістік суларды тазалаудың тиімді әдісін ұсынды. Жоғарыда аталған барлық оқушылардың жұмыстары байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылып, жүлделі 2-орынмен марапатталды.

Бұл білім додасында қола медалін иеленгендер – Бәйдібек Мұсаев пен Ляззат Өтеп. Бірі полиэтилентерефлатат қалдықтарының бұзылуы арқылы бис-2-гидроксиэтилтерефлатат алуды зерттесе, енді бірі қазіргі жастар прозасының даму деңгейін талдау арқылы жасөспірімдерді қызықтыратын  қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың тізімін жіктеді. 

– Алдымен 14-17 жастағы жасөспірімдерден  сауалнама алып, респондеттерді қызықтыратын жанрларды анықтадық. Қазіргі оқушылар детектив, мистика бағытында шетелдік шығармаларды көп оқиды. Осы ретте қазақ тіліндегі шағын прозаларға зерттеу жүргізіп, әдебиеттер тізімі ұсынылды, – дейді Ләззат.

 Айта кетейік, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында Ляззат мектеп жанынан «Руханият» жас оқырмандар клубын құрды. Клуб мүшелері оқыған шығармалары жайында ой бөлісіп, талдау жүргізіп, заманауи әдебиеттерді әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке насихаттайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<