Қызылорда қаласында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты 31 наурыз бен 11 сәуір аралығында ұйымдастырған «Білім беру ұйымдарындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбындағы курс мен үшін кәсіби дамудың маңызды кезеңі болды.
Курс тренері Гүлмира Назырова, мұндай курстар педагогтердің білімін кеңейтуге, дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті білім мен құралдарды меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі заман талаптарына сай білім алуға, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты болдырмауға бағытталған кешенді әдіс-тәсілдерді игеруге жол ашады.
Алған теориялық және практикалық білім ең алдымен, жұмысыма қажетті дағдыларды нығайтты. Зорлық-зомбылықтың алдын алудағы жаңаша әдістер мен тәжірибелерді меңгердім. Қатысушыларға психологтардың, әлеуметтік педагогтердің, ұйымдастырушы педагогтердің, сынып жетекшілерінің рөлі мен атқаратын міндеттері жайлы ақпарат берілді. Балалардың құқын қорғау, психологиялық дағдыларды дамыту, ата-аналармен және басқа да мектеп қызметкерлерімен жұмыс жасау алгоритмдері таныстырылды.
Бұл курста тек теориялық білім алып қана қоймай, сол білімді өз жұмыс тәжірибемде қолданудың тиімді жолдарын меңгердім. Балаларға қауіспіз және қолайлы жағдай жасауға қажетті көптеген жаңа ақпарат алдым. Бұл тәжірибе кәсіби біліктілігімді арттыруға, балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсартуға және оқушылар мен мұғалімдер арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға өз септігін тигізеді. Оқушыларға қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құруға білімім мен біліктілігімді арнаймын. Ұйымдастырушы «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ғылыми-практикалық институтына алғысымды білдіремін.
Эльмира АСАНОВА,
С.Сейфуллин атындағы
№4 ІТ мектеп-лицей педагог-психологі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<