Катар-2022: Алғашқы ойын 0:2

776

0

Жұмыр жердегі аладоп сиқырына арбалған жанкүйерлер асыға күткен Катардағы футбол тойы 20 қарашада жалауын желбіретті. Салтанатты шара аталған мемлекеттің тарихы мен мәдениетін бейнелейтін театрландырылған көрініспен басталды әрі жарты сағаттан астам уақытқа созылды.

Бұл чемпионаттың ерекшелігі – алғаш рет жаз мезгілінде емес, күзгі және қысқы уақытта өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, биылғы Әлем чемпионатында соңғы мәрте 32 құрама сынға түседі. Содан кейін доп додасында ол 48 құрамаға ұлғаймақ.

Алаң иелері – Катар құрамасы аталған турнирдің финалдық сатысына тұңғыш мәрте қатысып отыр. Эквадор дүбірлі додаға үшінші мәрте келді. 2002, 2014 жылдарда топтық кезеңнен аса алған жоқ. Ал 2006 жылы 1/8 финалға дейін жетті.

Екі құрама бұған дейін үш мәрте кездескен еді. 1996 жылы алғашқы ойында 1:1 есебі тіркелсе, тағы бір кездесу эквадорлықтар басымдығымен 2:1 есебімен аяқталды. Ал 2019 жылдың 12 қазанында Эквадор тағы бір мәрте 4:3 есебімен басым түсті.

Кездесу барысында итальяндық Даниэле Орсато бас төреші қызметін атқарды. Бұл міндет 46 жастағы арбитрге Әлем чемпионатында бас төреші ретінде тұңғыш мәрте жүктеліп отыр. Ол 2018 жылғы Әлем чемпионатында VAR бойынша төрешінің көмекшісі болды.

Ойын барысында қатарлық құрамаға тәжірибе жетіспегені байқалды. Кездесудің алғашқы минутынан эквадорлық футболшылар алға қарай ұмтылды. Осындай сәттердің бірінде Энвер Валенсия 3-минутта қақпаны дәл көздеген еді. Алайда аталған гол ойын тәртібінің бұзылуына байланысты саналған жоқ. Ол 16-минутта пенальтиден есеп ашты. Бұл – биылғы Әлем чемпионатында соғылған алғашқы гол.  31-минутта есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда, діттеген мақсатына жете алған жоқ. Осылайша Катар футболшылары қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<