Келер жылы Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына рейс ашылады

325

0

Пандемияға байланысты «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» бағыты бойынша әуе рейсі уақытша тоқтатылған болатын. Сондай-ақ, «Санкт-Петербург-Қызылорда» бағыты бойынша Nordwind (Северный ветер) әуе компаниясымен жүргізілген келіссөз аяқталмай қалды. Бұл жұмыстар қайта қолға алынды.

Алдағы жылдың көктемінде Ресейдің екі қаласына жолаушы тасымалданатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тілеуов мәлімдеді.

Бүгінде облыс аумағындағы халықаралық «ҚорқытАта» әуежайы арқылы аптасына барлығы 21 тұрақты рейс орындалуда. 2021 жылдың 11 айы бойынша 126,2 мың жолаушы жөнелтілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 % артып отыр.

– Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін «Қорқыт ата» әуежайының қолданыстағы терминалын қайта құру және аумағын кеңейту мәселелерін шешу қажеттігі туындаған. «Болат Өтемұратов қоры» біздің ұсынысымызды қабылалып, әуежайдың жаңа терминалын салу жобасын қайырымдылық аясында іске асыруға ниет білдіріп отыр, – дейді Дамир Маратұлы.

2021 жылдың 26 қазанында Қызылорда қаласында «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға облыс әкімдігі, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ және «Болат Өтемұратов қоры» қол қойды. Меморандум бойынша Қор жобаны толық қаржыландырады. Жақын арада Жобаны іске асыру бойынша арнайы Келісім жасалады деп күтілуде.

Жаңа әуежай терминалының халықаралық стандарттардың барлық талабына сәйкес заманауи үлгіде салынуы басты талаптардың бірі болып табылады. Жоспар бойынша Әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алады, яғни қазіргі жолаушылар қабылдау мүмкіндігінен екі есе артық болады деп күтілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз