Келешегі кемел білім ұясы

1421

0

Кеше қаладағы «Ұлағат білім ордасы» жеке мектебінде «Тәуелсіз елдің жастары» атты мерекелік шара өтті. Білім мекемесінің жүйелі жұмысын ата-аналарға таныстыру және Тәуелсіздік күні аясында үздік шәкірттерді марапаттау мақсатында ұйымдастырылған басқосуда мектеп тынысымен таныстық.

Ұжым бұл жиында ата-аналарға есеп берді. Мектеп 2021 жылы жаңа оқу жылы қарсаңында қаланың «Саяхат» шағын ауданында ашылған. Сәні келіскен, заманауи үлгідегі, ақысыз, жалпы орта білім береді 450 орындық. Алғашқы оқу жылында мектеп табалдырығын 373 оқушы аттаған. Қазір мұнда 596 оқушы білім алуда. Оның 297-сі – бастауыш сынып, қалғаны  5-11 сыныптың оқушылары.

– Ұстаздардың сапалық құрамы жақсы жасақталған. Мектепте барлығы 66 мұғалім қызмет істейді. Оның ішінде магистр – 13, педагог-зерттеуші – 14, педагог-сарапшы – 9, педагог-модератор – 8.

Оқушылардың білім сапасы 2021-2022 оқу жылында 61,3% болса, 2023-2024 оқу жылында 68,3%-ға көтерілді. Бізде бір мәселе ғана бар. Ол – ыстық тамақпен қамту. Бұйырса, оны келер оқу жылында толық шешеміз, – деді мектеп құрылтайшысы Қалқазбек Әжібеков.

Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, мектеп оқушылары пәндік олимпиадалар, ғылыми жұмыстар және шығармашылық жобалар, спорттық сайыстардың жеңімпазы атаныпты. Жалпы білім беру пәндері бойынша 25 оқушы республикалық олимпиаданың ІІ, ІІІ кезеңдерінің қорытындысымен түрлі орындарды жеңіп алған.

– 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын негізге ала отырып, мектепте «Жасыл мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Оның «Экологиялық мәдениет», «Биоалуантүрлілік», «Өлкетану», «Жасыл желек», «Жасыл зертхана», «Қалдықсыз технология», «Тірі табиғат бұрышы», «Дені саудың – жаны сау», «Экологиялық-ақпараттық шаралар», «Баламалы энергия» сынды бағыттары бар.

Мұнда оқушыларды машықтандыра отырып, аймақтық, республикалық, халықаралық «Жасыл мектептер» бірлестігімен, ғылыми-тәжірибелік білім беру ұйымдарымен, ауыл шаруашылығы саласындағы жергілікті мамандандырылған орталықтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау арқылы функционалды сауатты тұлға қалыптастыру көзделген, – деді мектеп директоры Серікбай Асанов.

Бүгінде оқыту мен тәрбие беру үдерісінде сыныптан тыс шаралардың маңызы өте зор. Ол оқушының теориялық білімін кеңейтіп толықтыруда және жеке шығармашылығы мен қабілеттерін шыңдауда үлкен рөл атқарады. Сол себепті мектепте пәндік, шығармашылық үйірмелердің, спорттық секциялардың жұмысы жолға қойылған.

Мұндағы «Тіл жанашыры», «Русский язык и литература», «Speak English», «Жас физиктер», «Жас химиктер», «Бағдарламашылар», «Робототехника», «Математика», «Өлкетанушылар», «Табиғат жанашырлары», «Жас зерттеушілер», «Тарих», «Қытай тілі» пәндік үйірмелерімен таныстық. Сонымен бірге «Домбыра», «Хореографиялық би» шығармашылық үйірмелері, «Жеңіл атлетика», «Стол теннисі», «Асық ату», «Еркін күрес», «Баскетбол», «Гандбол», «Жас сарбаз», «Тоғызқұмалақ», «Бес асық», «Садақ ату», «Шахмат» спорттық үйірмелерінің де оқушыларға үйретері көп екен.

– Мектеп ашылған жылы үлкен немерем бірінші сыныпқа келген еді. Шүкір, қазір үшінші сынып оқиды. Бастауыштың оқушыларын мектеп көлігі үйден алып кетіп, әкеліп тастайды. Қызым оқуда озат. Биыл екінші немерем де осы мектепке келді.

Мұнда бар жағдай жасалған. Оған қоса «Аrtsport» жобасы аясында мектеп жанынан ашылған «Футзал», «Қазақша күрес», «Грек рим күресі» «Волейбол», «Көркем гимнастика», «Хормен ән айту», «Эстрадалық вокал», «Көркем оқу», «Шешендік өнер», «Ағаш ою», «Бисермен өру», «Киім тігу» үйірмелерінде балаларымыз шыңдалып жатыр. Мұны ұстаздардың өзі аралатып, таныстырып өтті. Бәріне ризамыз, – деді ата-ана Бақытжан Амантай.

Жанға жайлы ортада нәтижеге жеткен оқушының болашағы кемел. Ұстаздар шәкірттердің эстетикалық талғамының өсуіне, қоршаған ортамен қарым-қатынасының жақсы болуына үлкен ықпалын тигізетіні белгілі. Сондықтан қоғамның даму кезеңінде және білім берудің ұлттық үлгісін жүзеге асыруда мұғалімдердің еңбегі зор екені баршаға мәлім.

Шара барысында оқушылар ән айтып, би биледі. Түрлі көріністер қойып, үздіктер марапатталды, рәміздер ұлықталды. Бастысы ата-аналардың көңілі тоқ. Сол үшін де оқушыларды тәрбиелеп келе жатқан білім кемесінің келешегі кемел екеніне сенеміз.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<