Кемеңгерліктің биік шыңы

1116

0

Биыл ұлы ойшыл, философ, ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр.

Тереңдеп таныған сайын жаңа қырларымен, өзгеше сипатымен ашыла түсетін ақын поэзиясын зерделеп оқуға, ұлы ақынның сан салалы ақыл-ойын, өнер өрісін жүйелеп тани отырып, жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында облыс орталығындағы Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында жыл басынан бері жүйелі шаралар атқарылып келеді.
Айталық, «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай» атты 4 бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды деректерге толы онлайн шара оқырмандар ойынан шықты. Ақынның туған жері – Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасымен бірге «Әлемдік ойдың алыбы» атты танымдық онлайн-кеш ұйымдастырылды. Бұл кеште ақын жайлы тереңірек білуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ, «Дидар» ақпараттық клубы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын зерделеуге арналған қоғамдық-саяси мәні зор шара өтті.


Ұлы ақынның шығармалары жастарды ұлт руханиятына тәрбиелеудің ұлттың тілі мен ділін оятудың бірден-бір құралы болып табылады. Осы орайда ақын шығармашылығын жас ұрпақтың жүрегіне терең бойлатып, Абай әлемінің тылсым сырларына қаныға түсіп, нақыл сөздерін, философиялық ой-толғауларын насихаттау барысындағы «Абайды бірге оқимыз» поэтикалық марафоны жалғасын тауып келеді.


Сондай-ақ, дана ақынның болмысын сомдаған керемет көркем туынды М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын насихаттау мақсатында «Әлем әдебиетінің алыбы» атты виртуалды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Заманымыздың кемеңгер жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов туралы кеңінен мәлімет беру, шығармаларына шолу жасау бағытындағы шараның танымдық әрі тағылымдық әсері ерекше болды.
«Болашақ» университетінің оқытушысы, ф.ғ.к. С.Тайма­нованың қатысуымен «Абайды тану туралы ой-пікірлер» атты тікелей эфирі жалпы оқырманға арналса, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» поэзия сағаты өтіп, онда облыстық кітапхананың кішкентай оқырмандары Абай­дың өлеңдерін оқыды.


Жуырда «Абайдың қара сөздері» атты танымдық са­ғаты ұйымдастырылды. Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл-мұраларын насихаттау бағытындағы шаралар әлі де жалғасын табатын болады.


«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<