Конго-Қырым безгегінің алдын алу

1115

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы – (бұдан әрі қарай-КҚГҚ ауруы) табиғи ошақтық аса қауіпті ауру. Осы қауіпті ауруды жұқтыру көктемгі, жазғы және күзгі маусымдарда тіркеледі. Адамдарға бұл ауру, денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда және науқас адамдармен қарым-қаынас кезінде жұғады. Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене ыстығы көтеріледі және бүкіл денесі сырқырап, басқа да әртүрлі симптомдармен қатты ауырады. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылға КҚГҚ ауруынан облыс бойынша 106 елді мекен қолайсыз болып танылды. Тұрғылықты халық аса қауіпті аурудың зардабын тартпас үшін мал қораларының көң-қилары уақытылы алынып, механикалық-санитариялық тазаланып, жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі қажет.

Қазіргі күні облыс бойынша мал иелерінің өз қаржысы есебінен (мәліметке сәйкес) 117,4 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы ветеринариялық препараттармен («Ивен», «Ивермек», «Ивермектин» және т.б.) алдын ала егілді. Бұл препараттарды пайдалану үнемді әрі тиімді.

Соның бірі ивермек – инъекцияға арналған ерітінді сұйық дәрі. Паразитарлы ауруларды емдеуге және алдын алуға МІҚ, қой, ешкі, түйе мен шошқаға пайдаланылады. «Ивермек» түссіз немесе сарғыш болып келеді. Бұл дәрі құрғақ, қараңғы жерде 00С-пен 250С аралығында сақталуы керек. Флакон ашылған соң 24 күнге дейін ғана пайдалануға болады. Инъекциядан кейін дәрі 10-14 күнге дейін белсенді әсер етеді. «Ивермек» 50 келі салмаққа 1 мл мөлшерде салынады. Дәрі малдың терісіне жабысып тұрған паразиттермен қоса ішкі құрылысындағы зиянды құрттарды жойып (паразитарлы аурулардың алдын алып), малдың тез оңалуына септігін тигізеді.

Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенеден сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Малды күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында аса сақтықпен (жалаңаш қолмен алуға болмайды) денесі мен киімдерін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.

Айта кетейік, кене шаққанда өздігіңізбен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмасаңыз жағдайыңыз тіптен нашарлап кетуі мүмкін. Кенені май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған кене тұншығып, қанды қайтадан жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы, денедегі кенені пинцетпен немесе ілмек жасап жіппен сағат тіліне қарсы бағытта бұрап отырып алу. Шаққан жерді тек антисептик немесе спиртпен өңдеу керек.

Егер, өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, мазасыздансаңыз немесе күдіктенсеңіз, міндетті түрде уақытылы дәрігерге көрініңіз.

Облыстық ветеринария басқармасы

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<