КВИ-мен күресте жалғыз сенімді шешім – вакцина

728

0

Бүгінгі таңда облыстық психикалық денсаулық орталығы жанынан коронавирус індетін жұқтырған, психикалық ауытқушылығы бар азаматтарға арналған инфекциялық стационар жұмыс істеуде. Мұнда қазір үш науқас ем алып жатыр. Осы уақытқа дейін стационарда 52 тұрғын емделіп шыққан. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық психикалық денсаулық орталығының мейірбекесі Алия Алипбаева инфекциялық стационардың жұмысына кеңінен тоқталды.

“Коронавирус – аэрозольды жолмен таралатын ауру. Екі метр қашықтыққа дейін әбден жұғуы мүмкін. Мен де аталмыш стационарда жұмыс жасаған мамандардың бірімін. Сан мәрте науқастардың ауа жетіспей, жандары қысылғанын көзіммен көрдім. Дәрігерлер мен мейірбикелерге ем алушының қиналғанын көру өте қиын. Сол үшін дер кезінде екпе алып,жақындарымызға қамқор болуға шақырамын”,– деді Алия Ерманқызы.

Брифингте облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Гүлмира Ақтаева да облыс тұрғындарын коронавирус індетіне қарсы екпе алуға шақырды.

«2021 жылдың 30 шілдесі мен 16 тамыз аралығында облыстық психикалық денсаулық орталығына қарасты «Сейхун» инфекциялық стационары жұмыс істеген болатын. Мамандар екі апта уақыт ішінде 200-ден астам науқасқа медициналық көмек көрсетіп, тұрғындардың сауығып кетуіне атсалысты. Бұл ретте індеттің қайта өршіп кетпеуі үшін босаңсымай, сақтық шараларына лайықты деңгейде көңіл бөліп жүрген маңызды», – деді Гүлмира Қуанышбекқызы.

Өз кезегінде №3 қалалық емхана бас дәрігерінің аудит жөніндегі орынбасары Аягөз Өтебаева ұжымдық иммунитет пен екпе алудың маңыздылығын атып өтіп, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде КВИ-мен күрестегі жалғыз сенімді шешім вакцина екенін айтты. Коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызы зор. Бұл қоғамдағы вирус айналымының жалпы үлесін азайтады және вакцина ала алмайтын әлсіз топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», –деді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<