Мәдениет қайраткерінің шығармашылық кеші

252

0

Бүгін Қызылорда облысының 85 жылдық және Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойына орай ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Жаркен Исмағұловтың туындыларынан көрме ұйымдастырылып, шығармашылық кеші өтті.

«Еңбек Даңқы» музейінде ұйымдастырылған іс-шарада аудан әкімі Берік Сәрменбаев жиналғандарды мерейлі мерейтоймен құттықтап, ауданның дамуына өзіндік үлес қосқан мүсіншіге құрмет көрсетті.

– Алыптарға алтын бесік болған Сырдария ауданының құрылғанына биыл – 95 жыл. Айтулы мереке Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында ұйымдастырылуда. Жәркен Сүйіндікұлын республика жұртшылығы белгілі мүсінші ретінде таниды. Оның қолынан шыққан өнер туындылары республика көлемінде орналасқан. Атап айтқанда, Астана қаласының 10 жылдығына Қызылорда облысының тартуы болып есептелетін «Қорқыт-Қобыз» композициясы бүгінде елорда төрінде тұр. Ерекше дарын иесінің туындыларының қатарында Қызылорда қаласында орналасқан «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығына арналған монументалды ескерткіш кешені, «Сыр бойының батырлары», «Бұқарбай батырдың 200 жылдығына» арналған ескерткіш кешені және басқа да ескерткіш-бюсттері бар. Сондай-ақ Сырдария ауданында мемлекет және қоғам қайраткерлері Иса Тоқтыбаев, Оспан Әбілпаттаев, Азатбақыт Әлиакбаров, ақын-жазушылар Асқар Тоқмағамбетов пен Қалтай Мұхамеджанов, бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаевтың ескерткіш-бюсттерімен қатар, «Парасат» алаңы мүсіндік кешені, «Жас отау» декоративті композициясы мен «Сыр сұлуы» монументалды ескерткіштері бой көтерген. Ауданның айтулы мерейтойы аясында тасқа тіл бітірген мүсіншінің ауданның өнер саласына қосқан үлесі зор. Өміршең өнерімен танылған азаматтың туындылары кейінгі ұрпақ үшін мәңгі өшпес құндылықтар ретінде сақталатыны анық. Мәдениет қайраткерін бүгінгі шығармашылық кешімен құттықтап, әлі көптеген өнер туындыларымен жұртшылықты тәнті ететініне сенемін, – деді аудан басшысы.

Шығармашылық кеште мүсіншінің туындыларынан әзірленген көрмені аудан меймандарының назарына ұсынылды. Ж.Исмағұлов өзінің шығармашылық жұмыстарын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Іс-шарада Сырдария ауданының Құрметті азаматтары Алмагүл Божанова, Алма Бақтиярова, Жәнібек Маханбет ізгі лебізін білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<