Мәди мен Әли алтын медаль иеленді

779

0

         Атырау қаласында 14-16 қазан күндері Киокушинкай-кан каратэден республикалық чемпионат өтті.  Байрақты бәсеке жасөспірімдер, қыздар, ерлер мен әйелдер арасындағы санат ұйымдастырылып, оған Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және 12 облыстан 500-ден аса спортшы сынға түсті.

         Ұлттық құрама мүшелері анықталатын додада еліміздің әр өңірінен іріктеуден өткен ең үздік каратэшілер ката және кумите бөлімдері бойынша бақ сынады.  Екі күннің қорытындысы бойынша Сыр елінің каратэшілері жоғары нәтиже көрсетті. Ересектер арасында ката бағдарламасы бойынша Әли Мейрамбек алтын медаль иеленсе, оның бауыры Мәди қола медальді қанжығасына байлады.

         Ересектер арасында 55.кг салмақ дәрежесінде Мәди алтын медалді, ал, Әли күміс медалді қоржынына салды. Сондай-ақ, 70 келі салмақ дәрежесінде Нұрбақыт Жұмабек жүлделі үшінші орын иеленді. Жасөспірімдер арасында 12-13 жас 47,5 келі салмақтағы Азат Тұрмағамбет, 14-15 жас 47 келі салмақта Мейіржан Өмірболат, осы жас бойынша 45 келі салмақта  ағайынды Жармағамбет Әлібек пен Нұрлыбек те қатысып барлығы қола медаль иеленді. Ересектер арасында топтық ката бағдарламасы бойынша Қызылорда облысы 3 орынды еншіледі.

Суретте егіздер жаттықтырушысы Бауыржан Мұхановпен.

         Балалар мен жасөспірімдердің жаттықтырушылары Үсен Төлеген мен Бауыржан Мұханов жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттеріне дән риза.

         − Әли мен Мәди Киокушинкай-кан каратэден ҚР Спорт шеберлері. Әли жастар арасында Азия кубогінің чемпионы, елімздің 3 дүркін чемпионы. Қазақстан Республикасы кубогінің бірнеше дүркін чемпионы. Халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы. Ал Мәди ересектер арасында Азия Чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия кубогінің күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының 2 дүркін чемпионы. Қазақстан республикасы Кубогінің бірнеше дүркін чемпионы. Халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы. Егіздер еліміздің туын көкке көтеретін спортшылар. Алдағы сайыстардан да оларға жеңіс тілеймін, − дейді жаттықтырушы Бауыржан Мұханов.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<