Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары Ақтау қаласындағы көтерме сауда-тарату орталығының жұмысымен танысудан басталды.
Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін сақтайтын мұндай нысанның аймақта алғаш рет салынғаны жөнінде баяндалды. Аталған орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген.
Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Қазіргі кезде өнім жеткізумен айналысатын отандық ірі кәсіпкерлермен келісім-шарт жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан технология паркінің жұмысымен танысты.
Президентке технопарктің заманауи инфрақұрылыммен жасақталғаны жөнінде айтылды. Мұның бәрі стартаптар мен жобалар әзірлеумен айналысатын кәсіпкерлерді, студенттерді, сондай-ақ оқушыларды қолдауға арналған.
Сондай-ақ инновациялық зертханалар мен шеберханалар таныстырылды. Онда студенттер мен жас мамандар электроника, роботты техника, лазермен кесу, ағаш және металл өңдеу, полиграфия, 3D-дизайн, тігіншілік дағдыларын меңгереді.
Президент халықаралық бағдарлама бойынша ІТ мамандарды даярлайтын оқу аймағын және цифрлық әрі телекоммуникациялық құзыреттерді дамытуға бағытталған зертхананы аралап көрді.
Студенттермен әңгімелесу барысында қазір жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарын дамыту өзекті болып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде көлік-логистика саласының білікті мамандарына сұраныс жоғары. Сондықтан жастарды келешектің кепілі саналатын сапалы білім алуға шақырды.
Президент көпфункционалды спорт кешенінің қызметімен танысты.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған нысанда халықаралық және республикалық спорт жарыстарын, сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге болады.
Мұнда волейбол, баскетбол алаңқайлары, футзал, жабық және ашық теннис корттары, бассейн, жекпе-жек түрлері мен фитнеске арналған залдар, сондай-ақ футбол алаңы бар. Мемлекет басшысы жергілікті спортшылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуда маңызды рөлге ие басты логистикалық хабтың бірі – Ақтау халықаралық теңіз портына барды.
Бүгінде аталған нысандағы көпмақсатты заманауи терминал Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша тәулік бойы жүк тиеу мен түсіру қызметін ұсынады. Порттың халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы ұлттық және өңірлік логистиканы нығайтуда айрықша стратегиялық мәнін көрсетеді.
Президентке Маңғыстау облысының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту перспективасы, соның ішінде еліміздің транзиттік әлеуетін кеңейту және порт қуатын жаңғырту жоспарлары жөнінде баяндалды.
Көлік министрі Марат Қарабаев өңірде жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын 24 инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Аталған бағытпен 358 контейнерлік пойыз, 27 мың автокөлік жүк тасымалдаған. Экспорт көлемі 3,2 миллион тоннаны құраған. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ақтауда контейнерлік хаб салынып жатыр. Бұл жоба порттың жүк өткізу қабілетін 140 мыңнан 240 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кендірлі курорты аймағында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады. Кендірліні Алматы және Астана қалаларымен жалғайтын тұрақты әуе рейстерін ашу жоспарланған.
Бұдан бөлек, Орталық – Батыс және Бейнеу – Сексеуіл секілді ауқымды жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру көзделген. Соның нәтижесінде басты бағыттардағы логистиканы оңтайландырып, транзит және экспорт жүктерін тасымалдау шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік туады. Атап айтқанда, Астанадан Ақтауға дейінгі жол 800 шақырымға, ал Қорғастан Ақтауға дейінгі арақашықтық 900 шақырымға қысқарады.
Мемлекет басшысы Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды. Президенттің айтуынша, Қазақстанды Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жолында Маңғыстаудың алатын орны ерекше. Сондықтан оның әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Өйткені бұл міндеттің стратегиялық маңызы зор.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<