Маңызды жобаларға үн қосады

413

0

Кеше «Достық үйінде» облыс­тағы ҮЕҰ жетекшілері бас қосты. Жиында үкіметтік емес ұйымдардың негізгі міндетіне сәйкес мемлекетпен әріптестік аясында атқарылып жатқан шаралар төңірегінде сөз қозғалды. Кездесуге қатысқан Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева жалпы еліміздегі ҮЕҰ бо­йынша жаңаша стратегиялық бағытта жүзеге асыруға тиісті жұмыстар төңірегінде ойын ортаға салды. Әлеу­меттік маңызды жобаларды іске асыруда қоғамдық институттардың белсенділігін арттыру қажеттігін  айт­қан Азаматтық альянс президенті осы тұрғыда жиынға қатысушы ҮЕҰ жетекшілерінің ұсыныс-пікірлеріне назар аударды.

Кездесуде облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Руслан Каюпов жиынның мақсатына қысқаша тоқталып, қазіргі таңда азаматтық инс­титуттармен әріптестік қарым-қатынасты  жетілдіру бағытында облыстағы ҮЕҰ-ның сапалық құрамын арттыруға байланыс­ты жүйе­лі жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. Облыс­тық Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассоциациясы ­ЗТБ-ның төрайымы Анар Ізден  атқарылған жұмыс пен алдағы жоспар жайында баян­дады. 

– Бұл жұмысқа жетекшілік жасағаныма көп уақыт болған жоқ. Әйтсе де, басым бағытымызды назарға ала отырып, алдағы жоспарымыз айқындалды. Атап айтқанда, 65 ҮЕҰ жетекшісімен кездесіп, 131-не сауалнама жолдап, қандай проблемалық мәселелері бар екеніне талдау жасадық. Нәтижесінде, өңірдегі ҮЕҰ-дар бойынша «Қажеттілік картасын» әзірлеп, облыстық ішкі саясат басқармасына жолдадық. Бұдан бөлек, бүгінде әр ауданда ҮЕҰ Альянсы ассоциация­сы ЗТБ-ның өкілдері жұмысын жолға қойды, – дейді Анар Ізден.

Айта кетейік, бүгінде облыста 996 үкіметтік емес ұйым  заңды тіркелген болса, оның ішінде ­454-і өңірдің рухани-мәдени өміріне белсенді араласып, қоғамдық бастамаларға қолдау танытып келеді. Бұл ретте облыс әкімдігі жанында үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөнінде арнайы кеңес жұмыс жасайды. Бұған дейін аталған кеңестің жалпы жиыны  жылына екі рет өтетін болса, биыл төтенше жағдай талаптарына  байланыс­ты бір рет өткізілді. Сонымен қатар, облыс­тық ішкі саясат басқармасының бастамасымен алдағы 2021 жылы жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың тақырыптарын қалыптастыруға арналған «Әлеу­меттік жобалар жәрмеңкесі» өтті. Жобалар жәрмеңкесінде негізінен мемлекеттік бағдарламаларда қамтылған басым бағыттарды іске асыруға қажетті ұсыныстар талқыланды. Қорытындысында ұлттық құндылықтарды насихаттау, ішкі туризмді дамыту, отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру, жастарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, волонтерлерді демеуге байланысты жобалар қолдау тапты. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты үйлестіру мен мониторинг жасауда жауапты қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында облыс көлемінде көшпелі семинар-кеңес­тер тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Жиында Қазалы ауданы бойынша «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру орталығы қоғамдық қоры президенті, ассоциацияның Қазалы ауданы бойынша өкілі Шынаркүл Жеңсікбаева, облыстық «Ерлік үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ассоциацияның үйлестіру кеңесінің мүшесі Қайреддин Баймаханов алдағы жоспарлары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<