Медиасауаттылық – заманның басты талабы

1700

0

Біз бірінші кезекте журналист,  дәрігер, мұғалім емеспіз, біз алдымен қарапайым адамбыз. Содан кейін барып мамандығымызға қарай бөлінеміз. Ал адамның бәрі ақпаратты оқиды, тыңдайды, көреді. Кейінгі онжылдықта ақпаратты тарату және оқу жеңілдей түсті.  Бұрынғыдай отбасымызбен отыра қалып, кешкісін қорытынды жаңалықтарды күтпейміз. 

Қазір жылдам ақпарат алу үшін қолымыздағы телефон жеткілікті. Интернетте ақпарат көп, жазатын адам да көп. Жазатын нәрсе көп болған соң, оның ақ-қарасын ажырату қиын. Қайсын оқимын деп бас қатыру әрқайсымыздың басымыздан өткен шығар. Оқыған нәрсе санамызға, өмірімізге қалай әсер етеді деген нәрсе тағы бар. Уақытымыз болса да, кез келген нәрсені оқи бермейміз. Әркім талғап, таңдап, өзіне керегін оқиды. Жаңалық тарататын парақшаларға, сайтқа тіркеліп қояды. Мұның бәрі ол адамның сеніміне байланысты. Біреулер жаңалықты инстаграмдағы пабликтен, енді біреулер сайттан оқығанды жөн көреді. Ал бүгінгі цифрлық ғасырда ақпараттың сенімді не сенімсіз екенін ажырата білу бұрынғыдан да маңызды.

Осындай жағдайда адамға ақпараттық тұрғыда сауатты болуға көмек беретін медиасауаттылық пен фактчек саласы көмекке келеді. Медиасауат жеке адамдарға ақпарат алуға және бұқаралық ақпарат құралдарына медиа контентін сатуға көмектеседі. Ал фактчекинг жалған ақпаратты тексеріп, оны әрі қарай таратпау пайдалы.

Осы ретте фактчекинг тек журналистер, блогерлер, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне қажет деп ойласаңыз қателесесіз. Себебі, ақпараттық қоғамда қоғамдық пікір қалыптасуы тез. Жалған ақпараттың әсерінен адамдар қаржылық шығынға, денсаулығының ауыр бұзылуына, отбасындағы жанжалдарға әкелетін әрекеттерге дейін барады. Фейк жаңалықтар вирусқа тарап, саясаткерлердің, мекемелердің әрекеттеріне, имиджіне және біздің өмірімізге әсер етуі мүмкін. Сондықтан, ақпаратты тұтыну кезінде оны тарату кімге тиімді екенін түсіну керек.

Қазіргі демократиялық қоғамда медианың (коммуникация құралдары) қоғамдық пікірді қалыптастырудағы рөлі өте үлкен. Медианың негізгі міндеті – азаматтарға елде және әлемде болып жатқан оқиғалар жайында ақпарат беру. Қазіргі заманда сауатты адамның оқи алуы, санай алуы және жаза алуы аздық етеді. Ал фактчекинг дағдылары адамға фактоидтер ағынынан қорғануға, оқиғалардың объективті бейнесін қалыптастыруға және манипуляциялық әсерге қарсы тұруға мүмкіндік береді. Көбінесе ақпарат таратушылар бізге хабарлауды ғана емес, сонымен бірге белгілі бір реакция тудыруды мақсат етушілік әрекеттер де орын алып жатады. Манипуляцияға ұрынбас үшін біздер фактчек жасап үйренуіміз қажет. Ол медиа сауаттылықты, сыни ойлауды және инфо іріктеуді дамытуға үлес қоса отырып, фейк ақпараттардың ара жігін ажыратуға мүмкіндік сыйлайды.

Мәселен, егер де сіз бір жерден статистиканы алсаңыз, оған міндетті түрде гиперсілтеме енгізіңіз. Талдау барысында қай дереккөздер объективті, қайсысы объективті емес деген сауал туындауы орынды. Жалпы, статистикалық деректердің бекітілген ең сенімді көздерінің жиынтығы бар. Олар: ХВҚ, Дүниежүзілік банк, ЭЫДҰ, ДДҰ және т.б. сияқты аймақтық және халықаралық ұйымдардың сайттары. Көбінесе олар ұлттық ұйымдар жіберген статистикаға жүгінеді. Одан кейін бұл туралы ұлттық статистикалық ұйымдардан алынған деректердің күмәнді сапасын дәлелдейтін сарапшыларға сілтеме жасай отырып, ескерту жасаған жөн.

Талданған басылымда жалған ақпарат болмаса да, онда жасырын манипуляциялық үндеулер бар жоғын тексеріңіз. Көбінесе дереккөз аудиторияны манипулятор қалаған шешімді немесе ойлау тәсілін қабылдатуға тырысады. Бұл, әсіресе, демократиялық емес елдердің бұқаралық ақпарат құралдарында жиі кездеседі. Бұл елдерге плюрализм тән емес, яғни адам ойларының сан алуандығы қалыпты жағдай ретінде қабылданбайды.

Негізгі дереккөзі біржақты позицияны ұстанып отыр ма, жоқ па соны аңғаруымыз қажет. Шын мәнінде мақала не жаңалық қоғамға қандай да бір ой, ақпарат бергенімен ақырғы шешімге оқырманның өз тарапынан қабылдануы тиіс. Ал біржақ тараптан ой айтылып, сенімсіз сөйлеу не болмаса өзінің жеке пікірін дұрыс қылып көрсету, соған халықты нандыру әрекеттері таза манипуляция мен қате үндеудің өзі.

Әсіресе сенімділік тудыра бермейтін ақпарат көзі – әлеуметтік желілер болып табылады. Себебі, онда желі тұтынушылары өз ойларын ортаға салып не болмаса дәлелденбеген қау өсектермен бөлісіп жатады. Ондайда шын ақпарат іздесеңіз, қоғамдық қайраткерлер сөзі мен БАҚ-тың тарапынан расталған ресми парақшаларды қарауға кеңес беремін. Медиасауаттылық пен фактчектің ортақ тоғысқан жері ол – эмоцияға салынбай ашық дереккөздеріне қарап көз жеткізу. 

Қорытындылай келе, бүгінгі ақпараттық заманда жалған сөз, қате ойдың шырмауында қалып, өзін де, өзгені де адастырмау үшін фактіге талдау жүргізу мен медиа сауаттылық аса қажет. Себебі, ғаламтор – жүзі өткір пышақ сынды. Шалыс басқан қадамың орға жығып, орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін. Сан соғып қалмас үшін не нәрсенің де түп тамырын тауып, ақпараттық дұрыс бұрыстығына көз жеткізіп барып талқыға салған жөн. Жаңалықтың қоғамдық резонанс тудыратынын ескере келе, бүгінгі материалымда оқырман ретінде қалай ақиқатты айыра білудің жолдарын сөз еттім. Сіздер де ақпарды өз қажеттеріңізге жаратып, дереккөздерін дұрыс пайдалана білсеңіздер екен деймін.

Арайлым Өтепова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<