Мейірбек Сұлтанхан – «Айтыстың ақтаңгері»

4037

0

ҚР Мәдениет және ақпарат минстрлігінің ұйымдастыруымен, AMANAT партиясының қолдауымен дәстүрлі «Алтын домбыра» республикалық айтысы өтті. Айтыстың тақырыбы «Еңбек – ел ырысы» деп аталды. Дәлірек айтқанда, еңбек даңқын дәріптеп, ел әлеуетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген қарапайым жандардың қажырлы еңбегіне құрмет танытуға бағытталды.

Айтыс – тарихы тым әріден бастау алатын ұлттық өнер бәйгесі. Онда айтыскер ақындар қоғамдық маңызы бар тақырыптарға қозғау салып, көптің көкейіндегі күрделі ой-пікірлерді ашық айтуға тырысады. Сондықтан осы жолы да көпшілік Facebook әлеуметтік желісінде айтыс тақырыбын қызу талқылап, айтыскерлердің аяқалысын қалт жібермей, тіпті кімнің асығы алшы түсетініне де алдын ала болжам жасап отырды.

Айтыстың финалына сегіз ақын шықты. Олардың қатарында  Алина Айдаралы, Мұрадым Мейірланов, Төлеген Жаманов, Шұғайып Сезімхан, Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев болды. Ал суперфиналда топ ішінен суырылып шыққан Мейірбек Сұлтанхан мен Мақсат Аханов жекпе-жек айтыстың көрігін қыздырды. Негізгі тақырыпты арқау ете отырып, адами құндылық, ар-ождан тазалығы мен азаматтық ұстаным тұрғысында орнықты ойларын ортаға салды. Әлбетте, әдептен озбай, бір-бірін әзіл-қалжыңмен қағытқан тұстары да сөз сайысының шырайын келтіргендей.

Айтыс қорытындысымен Қарағанды облысының тумасы Мақсат Аханов «Алтын домбыра» иеленді. «Бұл айтулы жеңіс жуырда ғана Қарағанды аспанын торлаған қара бұлтты ысырып, күннің көзі ашылғандай болды» десті көпшілік. Ал аламанда көптің ерекше ықыласына кенелген жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан бірінші орын иеленіп, «Айтыстың ақтаңгері» атанды. 

Жастайынан айтыс додасына ат қосып, бүгінде өнер биігінен орын алған Мейірбек Сұлтанхан ойының тереңдігімен, сөзінің көркемдігімен және Сырдың мақамына салып, төгілте жырлайтын талантымен көпке танымал. Ол бұған дейін «Ақ сөйле!» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Оттан да ыстық Отаным» атты облыстық ақындар айтысында, Талдықорған қаласында өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысында, Астана қаласы күніне орай өткен дәстүрлі республикалық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алса, Тәуелсіздік күніне арналған «Біздің ел осындай!» атты республикалық ақындар айтысында І орын иеленген.

Айта кетейік, «Алтын домбыраның» алғашқы иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязов, одан кейін де екі мәрте айтыс аламанында топ жарып, аймақ абыройын аспандатқан еді. Бүгінде «Алтын домбыра» облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мәдениет және өнер» залынан орын алған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<