Мемлекеттік тіл – жарқын болашақ кепілі

321

0

1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып «Тіл туралы» заң қабылданды. 1995 жылғы Ата заңымыздың 7-бабына сай «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болып айқындалды. Әрі қарай 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданып, республика аумағындағы тілдерді қолданудың құқықтық негіздері, барлық тілдерге бірдей құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қазақ тіліміздің мәртебесі белгеленген болатын. Дегенмен, осы күні егемендік алғанымызға 30 жылдан асса да, қазақ тілі Кеңес заманынан қалыптасып қалған орыс тілінің көлеңкесінде дамып келе жатқаны «ащы» шындық. Жасыратыны жоқ, тіліміз өз елінде, өз жерінде «аса қажеттілікке» айналмай, атына заты сай болмай, мәртебесі мемлекеттік болғанымен қоғамның барлық саласында толыққанды қолданылмай келе жатқаны ақиқат.

Қазақ тілі – дүниедегі ең шұрайлы, кестелі тілдің бірі деп жатамыз. Ия, Қазақ тілі – өте бай тіл! Қазақ тілінде жазылған тамаша шығармалар қанша, жылытатын, жұбататын жырлар қаншама. Қазақ халқының бойына сіңген ата-бабаларымыздың тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі, біздің тұлға болып қалыптасуымызға себепкер болғаны, үлкен үлес қосқаны байқалатыны анық. Осындай гауһар тілімізді өз дәрежесінде пайдалана алмауымызға кезіндегі кеңес өкіметінің солақай саясаты әсер етсе, ал дәл қазіргі күні қоғамның барлық саласында қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы қажет деп санаймын.

Осы орайда, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген.

Иә, өте дұрыс. Егемен елімізде өмір сүретін барлық ұлттарға мемлекеттік тілді меңгеруге толықтай жағдай жасалған.

Сонымен қатар, демографиялық тұрғыдан қазақ ұлты ең жоғарғы пайызды құрайтындықтан, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі нақты келді деп есептеймін.

Жалпы кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отыратыны ақиқат. Жәнеде барлық елдерде мемлекеттік тілді білу заң арқылы міндеттелген. Ал, біздің жоғарыда аталған «Тіл туралы» заңымызда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеру тек «парыз» ғана. Менің ойымша, Президент Жолдауындағы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту үшін «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізіп, мемлекеттік тілге қатысты жауапкершілік белгіленуі керек. Әлемде жеті түркі мемлекеті бар десек, соның алтауы өз тілінде ел басқарып, бір-бірімен қарым-қатынасты тек өз тіліңде жасауда.

Кез келген қазақстандық бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыты келді. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, санымыз өсті, санамыз өркендеді, рухымыз жанданды. Рухымызбен бірге тіліміздің тұғыры да биіктеуі шарт.

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен.

Халқымыздың «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың», «Өсер ел, алдымен, тілін қадірлейді» деген сөздері есімізден шықпағаны жөн деп санаймын.

 Ұ.ОРАЗГЕЛДІ,

Қызылорда облысының

Әділет департаменті

басшысының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<