Меморандумға қол қойды

991

0

Сыр өңірінің тарихы, мәдениетімен танысу ниетінде Оңтүстік Кореядан жоғары сынып оқушылары мен студенттері келді. Экспедицияға Корей елінің теңіз күштерінің Вице-адмиралы Шин Чанг И, Кореяның тарих және мәдениет орталығының атқарушы директоры Ко Чин Хо, тарих және мәдениет орталығының бас хатшысы Чонг Кенг Вон жетекшілік етті. Қазақ елінің тарихына қызығушылық танытқан 30-ға жуық корей оқушысы мен студенті ең бірінші Достық үйіне келіп, онда этномәдени бірлестіктердің өкілдері, өңірдегі корей халқы батырларының 4, 5-ші ұрпақтары және жастармен кездесті.

Қонақтарды Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Фархат Әбдібағдатұлы, өңірлік корей этномәдени бірлестігінің орынбасары Денис Пак қарсы алды. Кездесу модераторы Ф. Әбдібағдатұлы Қызылорда мен Корея арасындағы үлкен дәрежедегі достықты, жан-жақты байланысты сөз етті.

«Қасиетті Сыр жері өз отанынан алшақ өмір сүріп жатқан корей халқына алтын бесік бола білді. Корейлер қай кезеңде болмасын аймақтың барлық саласында өзіндік қолтаңбаларын қалдырып келеді. Қазіргі таңда өңірде 7 мыңнан астам корей ұлтының өкілдері бар», – деді.
Өңірлік корей этномәдени бірлестігінің орынбасарлары Денис Пак.

«Қиын жылдар кезеңінде қазақ халқының біздің ата-бабаларымызды ыстық ықыласпен қарсы алғанын алғыс сезіммен еске аламыз. Қазақ халқының дархандығының арқасында міне, корейлердің бесінші ұрпағы бірлігі жарасқан, келешегі кемел елде өмір сүріп келеміз. Екі ел арасындағы ынтымақ пен достықтың нәтижесінде игілікке толы ізгі жұмыстар өз жалғасын таба бермек», – деді.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Каримова киелі оқу ордасының 86 жылдық тарихына тоқталып, Оңтүстік Кореядағы Сеул Ұлттық университетімен мықты байланысты сөз етті.

«Корея Парламентінің депутаты У Вон Шиктің қолдауымен екіжақтық байланыс одан әрі нығая түсуде. Жуырда өңірімізде Сеул Ұлттық университетінің ашылу салтанаты өтеді. Бірінші жыл біз университет студенттеріне корей тілін үйретеміз. Осы ретте сіздер тарапынан қолдау көрсетіліп, корей тілін үйрететін ұстаздарды жіберуге ықпал етулеріңізді сұраймыз. Университет студенттері үш жыл қатарынан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда, Сеул Ұлттық университеттерінің бағдарламасы бойынша оқу оқиды. Су, жарық үнемдеу және ауылшаруашылығын дамыту бағыттары бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылады. Корей халқының мәдениеті мен тарихын дамыту мақсатында жұмысты жандандырмақпыз», – деді.

Мұнан соң екі тараптың қарым-қатынасын нығайту және облыстағы ынтымақтастық тарих, мәдениет, білім, әлеуметтік даму мақсатында үшжақты меморандумын жасау үшін Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен ынтымақтастық мәселелері талқыланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды.

Алдағы уақытта үшжақты меморандум жасасу нәтижесінде аталған мекемелер ынтымақтастық білім, тарих, мәдениет, жалпы білім алмасу саласындағы жобаларды бірлесіп атқаруға мүдделі.

«ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Меморандумға қол қойды
Меморандумға қол қойды
Меморандумға қол қойды
Меморандумға қол қойды
Меморандумға қол қойды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<