Мерейлі мереке мәресіне жетті

429

0

Бекарыстан би ауылындағы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай “Ғасыр жасаған майдангер” атты Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлдың 100 жасқа толған мерейтойы кешкілік концертпен қорытындыланды.

Гала концертте алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов ауыл халқын мерекемен құттықтады.

Екі күнге созылған шара жоғары деңгейде өтті деп пайымдаймын. Біз әрқашан аға ұрпақ өкілдерінің өз Отанына деген сүйіспеншілігін ескеріп, есте сақтап, оны үлгі тұтуымыз керек. Алдымызға салған асыл қазынамыз, тарихымыздың тірі шежірелерінен қандай істе болмасын таусылмас қуат, тәлім-тағылым аламыз. Сондықтан біз үшін от кешкен аталарымызды ұлықтау біздің басты парызымыз, – деген Дәурен Оңғарбайұлы ауқымды шараға атсалысқан аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қызметкерлеріне аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың “Алғыс хатын” табыстады.

Мұнан соң, өнерпаздардың өнеріне тәнті болған ауыл тұрғындары ризашылығын жеткізіп, алғысын жаудырды.

Шара соңы “Атамекен” әнімен аяқталып, Бекарыстан би ауылының аспаны түрлі түсті отшашуға боялды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<