Мерекелік салтанат

538

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық-драма театрында Отан қорғаушы күніне және Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, мерекемен құттықтады.

– Армия – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі. Қазіргі қуатты Қазақстан экономикалық, гуманитарлық мүмкіндіктерімен ғана мәртебелі емес, әскери әлеуеті де мықты елге айналғанымыз шындық. Кәсіби шеберлігі ерекше, жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары армия – ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау тірегіне айналуда. Осы тұста ел қауіпсіздігін сақтауда сіңірген еңбегі өлшеусіз азаматтарды атап өткен артықтық етпейді. Біз өңірге қатысты өнегелі істерді әрдайым үлгі етуге тиістіміз. Өткен жылы Қызылорда облысының полиция департаментінің басшысы генерал-майор шенін алған болатын, бүгін Елорда төрінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаевқа және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болған Мұрат Қарымсақовқа генерал-майор шендері Мемлекет басшысының қолынан табысталды. Бұл Президентіміздің облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесіне берілген лайықты баға деп білеміз.

Сіздерді мерейлі мереке – Отан қорғаушы және Ұлы Жеңіс күндерімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз еліміздің мұрат-мүддесі жолындағы игі істеріңізге табыс тілеймін. Еліміздің айбынын асқақтатар ер-азаматтарымыз әрдайым абырой биігінен көріне бергей, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде өңірімізде Ұлы Отан соғысының 6 және 4177 тыл және еңбек ардагері бар. Биыл Ұлы Жеңіс мерекесіне орай оларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде ҰОС ардагерлеріне 1 млн 500 мың теңгеден, соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін орден-медальдармен марапатталғандарға 207 мың теңгеден, ҰОС кезінде 6 айдан кем емес жұмыс істегендерге 138 мың теңгеден, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға және басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарға қатысқан ардагерлерге 138 мың теңгеден беріледі.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында облыс әкімі Отан қорғаушыларды құттықтап, тәуелсіз елдің тыныштығы мен бейбітшілігін күзететін, халқымыздың қорғаны – ұлттық әскерді ерекше атап өтті.

– Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы – шежірелі шындық. Олардың майдан даласындағы ерен ерліктері – бүгінгі ұрпақтары үшін нағыз өнеге, тәлім-тәрбие.      Ел намысын өз тағдырынан жоғары қойып, жауынан жасқанбай, қадір-қасиетін сақтаған қазақтың қазіргі ұрпағы да ел еңсесін биік, шекарасын берік ұстауға, халқы тыныш болуы үшін қолдан келгеннің бәрін аянбауға дайын. Тәуелсіздігіміз бен тату тірлігімізді, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! Саналы өмірін саптағы сарбаз ісіне арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген азаматтарымызға шынайы алғысымызды білдіреміз,– деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада қызметінде лауазымдық міндеттерін адал әрі нәтижелі атқарып, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, лайықты әскери тәртіп үлгісін көрсеткен бірқатар әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталды.

Іс-шара отансүйгіштікке үндейтін патриоттық әндердің концертімен жалғасын тапты.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<