Нәтиже бар, алдағы міндет те ауқымды

429

0

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов өңірлік коммуникациялар кызметінде өткен брифингте бірқатар салаларда жүзе асырылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Спикер атап өткеніндей, 2021 жылы облыс әкімдігі мен ҚР Премьер-Министрінің арасында бекітілген меморандумға сәйкес 645 мың шаршы метр тұрғын үй көлемін пайдалануға беру көзделіп отыр. Облыс бойынша 1858 пәтерлі 99 үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 1575 пәтерлі 61 үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде жалға берілетін 16, кредиттік 38, жеке коммерциялық құрылыс салушылар есебінен 6 көпқабатты тұрғын үй бар.

Баспана демекші, брифингте халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің және ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салудың  жаңа тетіктері түсіндірілді. Тұрғын үй кезектілігі мәселесін шешу үшін «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ негізінде «Отбасы банкі» құрылды. Оның базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрылып, ол тұрғын үйге мұқтаждардың барлығын орталықтандырылған негізде есепке алады және «қолжетімділік сатысына» сәйкес тұрғын үйді бөлуді жүзеге асырады. Ал ауылдық жерде тұрғын салушы бизнес құрылымдары салынатын үйдің ауданын 100  шаршы метрден және әрбір шаршы метрінің құнын 100 мың теңгеден асырмауы тиіс. Сондай-ақ тұрғын үй салынатын елді мекен аудан орталығынан қашықтығы 30 шақырымнан кем болмауы қажет.

Инфрақұрылымдық желілер бойынша 2021 жылы республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 19,2 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылған. Осы қаражатқа ұзындығы 339 шақырым құрайтын автомобиль жолдары мен көпір өткелдері, көшелерді жөндеуден өткізу жоспарлануда. Осының  нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішін 75%-ке жеткізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, аймақтағы тағы бір өзекті мәселенің бірі – Нұр-Сұлтан қаласымен тікелей байланыстыратын республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырыла бастайды. Аталған жол құрылысы облыс аумағынан басталатын болады.  Энергетика және тұрғын үй- коммуналық шаруашылық саласы бойынша жұмыс төрт бағытта жүргізіледі. Бірінші – ауыз сумен қамтамасыз ету, екінші – жаңартылған энергия көздерін да­мы­ту, үшіншісі – энергия үнемдеу және энергия тиім­ділігін арттыру және төртіншісі – табиғи газбен қамтамасыз ету. Қазіргі күні облыс елді мекендері 85% ор­талықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 97%-і сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Шиелі мен Жа­лағаш ауданында жалпы қуаттылығы 80 мгвт күн станцияларының құрылысы аяқталса, Жаңақорғанда жаңа құрылыс басталмақ. Арал ауданында осындай станция салу жоспарланған. «Көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіле береді.

Брифингке облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов, облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов қатысты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<