Өрттен зардап шеккен отбасыға көмек көрсетілуде

760

0

Өткен тәулікте қала іргесіндегі Сабалақ саяжайындағы уақытша тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, бүтіндей бір отбасы баспанасыз қалды. Жалынның салдарынан абырой болғанда адам шығыны тіркелген жоқ. Орын алған оқыс оқиғаны жедел назарға алған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов өрттен зардап шеккен отбасыға барды.

Құтқару қызметіне Сабалақ саяжайы, Победа көшесі нөмірсіз мекен-жайда өрт орын алғаны туралы хабарлама 9 наурыз күні сағат 22:20 шамасында келіп түскен. Аталған оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндіру бөлімінен 3 техника, 8 қызметкер жұмылдырылып, 23:35 шамасында өрт толық оқшауланған. Болжам бойынша өрт пештегі ақаудан пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталуда.

Бұл үйде жалғызбасты ана Сағыныш Давлетова екі қызымен және мүмкіндігі шектеулі өгей әкесімен бірге паналап келіпті. Далада қаламыз деп қорыққан жанұяның жанынан табылған жергілікті билік мән-жайды көзбен көріп, қажетті шаралар тізбегін жасақтады.Жанұя мүшелері жалдамалы пәтерге орналастырылады. Пәтердің жалдау құны Тасбөгет кенті әкімдігі арқылы өтелетін болады.

Алдағы уақытта өрттен зардап шеккен отбасыны уақытша баспанаға орналастырып, үй кезегіне тіркеу бойынша да жұмыстар атқарылмақ. Қала әкімдігі отбасыны азық-түлік, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етуді де демеушілік есебінен шешімін тапқан.

«Ендігі ретте Сағыныш Давлетованың анасының атына тіркелген үйіне қатысты құқық меншігін анықтау жұмыстарын жүргізіліп, құжаттарын қайта рәсімдеуге жібереміз», – деген қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова отбасыға бір реттік мемлекеттік жәрдемақы тағайындалатындығын да атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<