Өзгерістер сот жұмысын оңтайландырады

1665

0

Сот жүйесі бүгінгі күні айтулы өзгерістерді өткеріп, сот ісін жүргізуде заманауи технологияларды қолдану қарқыны күшейді. Бұл ретте сот жүйесінің дамуына серпін беретін тың реформалардың жүзеге асуының нәтижесіне атқарылып жатқан шаралардың маңыздылығы зор.


Сот билігінің халық үшін ашық, қолжетімді, жариялылық бағытты ұстануы – мемлекет басшысы мен мемлекет тарапынан қойылып отырған басты талаптың бірі. Бүгінгі күні бұл тапсырмалар сот саласында өз деңгейінде орындалып келеді.
Ағымдағы жылдың 10 маусымында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.


АПК-нің жалпы ережелері азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерінің бірімен істерді толық және уақытылы шешумен толықтырылып, сондай-ақ, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатына жаңа мазмұндама берілді.


Аталған заң аясында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде судьяның процестік рөлі нақтыланып, оған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау, процеске тиімді басшылық жасау, судьяға іс жүргізуде қосымша тараптардың істің мән-жайларын талқылау, олардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, іске қатысушы азаматтарға сұрақтар қою, іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде өз бастамасымен сот тапсырмаларын беру, дәлелдемелерді талап ету және тағы да басқа өкілеттіліктер берілген.


Заң бойынша бірқатар жағдайда судья өз қалауы бойынша сот отырысын өткізу қажеттігін айқындап, кейбір мәселелерді жеке сот актісін қабылдамай шешеді, ал оңайлатылған іс жүргізу ісін қарау тек электрондық форматта жүргізіледі. Сонымен бірге, жеке сот актісін қабылдамай шешілетін мәселелер, процеске қатысушылардың техникалық құралды пайдалану тәртібін реттейтін нормалар, татуластыру рәсімдері және тағы басқа заңнамаға елеулі жаңашылдықтар енгізілді.


АПК-нің 15-бабының үшінші бөлігі «Сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан босатылған, алайда тараптың уәжді өтінішхаты бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртіппен қажетті материалдарды алуға жәрдем көрсетеді. Бұл ретте азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін іске асыру мақсатында сот өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын анықтау, тараптардың дәлелдерінің негізділігін және олар ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру бойынша көзделген кез келген шараларды қолдануға құқылы» деп өзгертілді.
Бұрын судья тараптар ұсынған дәлелдемелерге ғана баға беретін, енді жаңа өзгеріске сәйкес сот өз бастамасымен істің материалдарын жинау және зерттеу, тараптар дәлелдерінің негізділігін және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің анықтығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды, сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.


Сонымен бірге тараптардың келісімімен азаматтық істі соттылығы бойынша бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жататын болды. Бұрынғыдай ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалғаннан кейін он жұмыс күнін күтпей-ақ, тиісті сотқа істі жолдау тараптардың уақыттарын, істің қаралу мерзімін үнемдейді.
АПК-нің 5-1 тарауы қосымша екі баппен, атап айтқанда, «Сот приставы» 56-3-бабы, «Аудармашы» 56-4-бабымен толықтырылды.


Мұндағы мақсат – істі қарау барысында соттың қалыпты жұмысын, сот отырысы залында қатысып отырған азаматтардың қауіпсіздігін және сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында сот приставының құқықтық жағдайын қалыптастыру.


Сонымен қатар, аудармашының процессуалдық тұлға ретінде маңыздылығын және оның құқықтық жағдайын күшейту мақсатында аудармашының құқықтары мен міндеттерін заңмен реттеу.
Бүгінгі күні республика соттарында жаңа технологияларды қолдану аясы кеңейіп, ақпараттық сервистерді және оларды пайдалану механизмдері күн өткен сайын жетілдірілуде.


Сотқа жүгінуші азаматтар бұрынғыдай соттың табалдырығын тоздырмай, кез-келген өзіне ыңғайлы уақытта электронды интернет жүйесі арқылы өз істерінің қай сатыға келгенін, оларды қарау тәртібімен, азаматтық істер бойынша жүргізілген аудио-бейне жазбалармен танысуға және сотқа келмей-ақ өз арыз-шағымдарын тіркеуге мүмкіндіктері бар.
Сот жүйесіндегі жаңашылдықтың бірі – электрондық хаттама, яғни азаматтық істер бойынша жүргізілетін аудио-бейне жазбаларды атауға болады. Бүгінгі таңда азаматтық істер бойынша жүргізілген аудио-бейне жазбалар қысқаша хаттамаға тіркелген, хаттама ретінде мәртебесі жоқ.


Сондықтан, электрондық хаттаманың толықтығын, сапалы және қарапайым қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында АПК-і 133-4-баппен толықтырылды.


Сондай-ақ, АПК-нің 126, 235, 237, 239-баптарына маңызды және елеулі өзгерістер енгізіліп, артық сот рәсімдері мен шығындары қысқартылды. Атап айтқанда, процестік мерзімді ұзарту және қалпына келтіру, шешімдегі қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзету, шешімді түсіндіру және шешімді орындауды кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту туралы арыздарды тараптарды шақырмай-ақ қарап, шешу мүмкіндігі аталған заң аясында толықтырылды.
Арнаулы бөлме ретіндегі кеңесу бөлмесі ұғымы алынып тасталды. Сонымен қатар, сот төрелігі қағидаттарын іске асыру мақсатында шешім (ұйғарым) шығару үшін судьяның шығып кетуі және кеңесу құпиясын жария етпеу (алқамен қарау кезінде) туралы ережелер сақталады. Осылайша, судьяның кеңесу бөлмесінен демалуға арналған үзіліс тәртібімен ғана шығуы туралы норма бір мезгілде жойылды.
Сонымен бірге, сот бұйрығын, атқару парағын аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жіберу көзделген. Бұл олардың тікелей жеке сот орындаушысына жіберілуіне, сондай-ақ, жеке сот орындаушыларының мемлекеттік баж бойынша өндіруді қайтаруына жол бермейді.


АПК-нің жаңа мәтіні бойынша қатысушыларға сот актілерін жіберу мерзімдері бірыңғай 3 күндік мерзімге қысқартылды.


Азаматтық істер бойынша тараптар бірінші саты сотында ғана бітімге келіп жатқан жоқ, апелляциялық саты сотында да бітімге келіп, даулардың шешіліп жатқаны аз емес. Өзгерістерге байланысты апелляциялық және кассациялық саты соттарында істерді сотта қарауға дайындау барысында да татуластыру рәсімдерін жүргізу көзделіп отыр.

Қамбар Нұрышев,


облыстық сот төрағасы
.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<