Өзіңде болмаса, өзгеге жаутаңдайсың

1746

0

Арзан азық-түлік осында бар десе, соған ағылған жұрт көбейді. Басты себеп – мың құбылған баға. Қарапайым көп дүкенге бас сұққан адам келесі дүкеннен өзге бағаны көреді. Таңғалмайды бірақ. Үйренген. Ойындағы цифрды ойланбай қоятын дүкен ұстаған кәсіпкерлер бар. Бәрі демейміз. «Ау, әлгінде көшенің арғы бетіндегі дүңгіршектен картоптың келісі 160 теңге еді, мұнда неге 200?» деген сұраққа иығын қиқаң еткізген сатушының үнсіздігі келушілерді осылай «жеңіп» жүр.

Қымбатшылық қысып тұрғанын жасыра алмаймыз. Нақты себебін айтушы да, алдағы күнге болжам құрушылар да жоқ емес. Баға тұрақтандыруға барынша тырысқан сала мамандары да аз еңбек етіп жүрген жоқ. Тиісті шара атқарылып келеді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізімі бар бізде. 19 түрлі өнім халыққа ұсынылған. Кейде мұның өзі табылмайды. Әсіресе, қант. Облыстағы сауда нүктелерінде бұл өнім кездеспей, жұртты біраз әбігерге салғаны бар.

Аймақтағы тұрақтандыру қорында 800 тоннаға жуық түрлі өнім бар екен. Жалпы мұндағы қорды қалыпты ұстау үшін кейінгі үш жылда 3,9 млрд теңге ақша бөлініпті. Бұл қаржы облыс қазынасынан беріліп келеді.

Қордағы бар өнім 38 әлеуметтік дүкен және облыс орталығындағы 17 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштары арқылы сатылуда. Жоғарыда айтқандай, әлеуметтік маңызға ие 19 түрлі өнім белгіленген бағамен сатылады. Бұл жекелеген дүкендердегі бағаға қатысы жоқ әрі одан біраз арзан екені белгілі. Бұған үйренген жұрт ірі маркеттер мен дүкендерге сирек бас сұғып жүр. Қалтаға салмақ сала қоймайтын әлеуметтік дүкендерді жағалайтын болған. Дейтұрғанмен, мұнан қалауыңша көтеріп алып кете алмайсың. Мысалы, күнбағыс майын үш литрден артық алуға болмайды. Бұл – өзге де тұтынушыға осы өнім керек деген сөз. Әрине, арзан болған соң, көтере сатып алғысы келетіндер жеткілікті. Бірақ, басқа да қажет етуші ағайынның керегін ойлаған жөн. Бұл да ақылға сыйымды.

Бір топ журналист қала шетіндегі үлкен қоймада болдық. «Алтын қамба» агроөнеркәсіп комбинаты» деп аталатын серіктестікте тұтынушыларға қажетті азық-түлік қоры жинақталады. Көргеніміздей мұнда ұн, күнбағыс майы, қарақұмық пен күріш қоры жеткілікті. Жақын күндері өзге өңірден картоп, сәбіз, жуа келмекші.

– Нан бағасын арзандату үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 7 айға 1098 тонна арзан бағада ұн әкелуге Қостанай облысымен келісім-шарт бар. Бүгінде 8600 тоннаға «Байқоңыр» ӘК» АҚ арқылы қаржысы аударылды. Оның елу пайызы жеткізіліп, наубайханаларға таратылуда. Келісім-шарт бойынша наубайханалар нанды 75 теңгеден дүкендерге жіберсе, ол 80 теңгеден сатып жатыр. Қазір қоймада 200 тоннадан астам ұн бар. Қалада 13, әр аудан бойынша бір оператордан жеткізуші есебінде бізбен жұмыс істеуде. Аудандағы операторлар арзан ұнды сол өңірдегі өзге де наубайханаларға таратады, – дейді «Байқоңыр» ӘК» АҚ тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Талғат Бекішов.

Осылайша облысқа келген арзан ұн 51 ірі наубайханаға жіберіліп, бөлке нан бағасын тұрақты ұстап тұр деуге болады. Сондай-ақ күнбағыс майы да қоймада жеткілікті. Жыл соңына дейін тағы 70 тоннаға жуық өнім келмекші. Бұған қоса, форвардтық негізде келісім жүргізіліп, 1000 тонна картоп, 100 тонна сәбіз, 100 тонна қырыққабат сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен, бағаны бір бағамдасақ. Әлеуметтік дүкендерде басты азық – нан бағасы 55 теңге екен. Жұрт таласа іздейтін қант 444 теңге. Бірақ, тілшілер болып әдейі барған Жаппасбай батыр көшесіндегі әлеуметтік дүкеннен қант көре алмадық. Келушілердің айтуынша, мұнда бір аптадан бері бұл өнім болмаған. Ал Талғат Бекішовтің айтуынша, қазір қоймада 47 тонна қант бар. Өнімге байланысты тиісті құжаттар рәсімделген соң, қант апта соңында әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарға таратылмақ. Осылай деп сендірді ол.

Қазір бағаны тұрақтандыру үшін өңірге тікелей «Көксу» қант зауыты және «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы қант жеткізіліп жүр. Жаз айларында зауыт арқылы 1836 тонна жеткізілсе, корпорация бойынша 68 тоннасы сатып алынды.

Әлеуметтік дүкендердегі бағаға қайта оралсақ. Өсімдік майы 630, картоп пен сәбіз 130, пияз 100, қырыққабат 95 теңгеден босатылуда. Бірінші сортты ұн 135 теңге болса, қарақұмық 514, күріш 175, макарон 200 теңге. Сиыр еті 1700 теңгеден, тауық еті 785, жұмыртқа 29, сүт 280, айран 225 және сүзбе 1283 теңгеден сатылуда. Осы дүкендегі бағасы жоғары өнім – сары май 2504 теңге, ал ең арзан өнім – тұздың келісі 40 теңгеден екен.

Бір қуанарлығы, облыс тұрғындарын көкөніспен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен де келісім бар. Жақын күндері көкөніс пен бақша дақылдары әбден піскенде, әлеуметтік дүкендерге де жергілікті өнімдер қойылады. Сонымен қатар, облыс тұрғындарын күнделікті қажеттілігін төмен бағада қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері апта сайын халық шоғырланған жерлерде жәрмеңке ұйымдастырылып, бүгінге дейін 1600 тоннадан астам түрлі өнім сатылған.

Расы сол, «Астық көлемі мол болып, қажеттілікті толық өтей алсақ, азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты түрде ұстап тұра аламыз. Бақша дақылдарын өзіміз өндірсек, сырт өңірдің өнімдеріне деген сұранысты болдырмаймыз» деген облыс әкімінің бастамасымен бүгінде әр ауыл маңынан жер дайындалып, көне арықтар қайта аршылып еді. Аяқсу жүріп, сол жерге тұқым тастаған шаруа ағайынның биылғы нәтижесі көңіл қуантып тұр. Жақын күндері жер несібесін жинайтын диқан қауымның еңбегі сол ел ішіндегі қымбатшылыққа біраз тосқауыл болмақ. Өйткені, өзімізден шыққан өнім, өзге жақтан келер дүниеден әлдеқайда арзанға түседі.

Бүгінде аймақ басшысының нақты тапсырмасымен облыста 1500 гектарға жуық жер дайындалып, онда 6802 отбасы еңбек қылды. Осылайша биыл аймақта 461 гектар картоп, 385 гектар көкөніс, 587 гектар бақша дақылдары егілген. Мұның өзі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізбек.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<