Он салмақта озық шыққандар

154

0

Қызылорда қаласында Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы грек-рим күресінен халықаралық турнир мәресіне жетті. Оған әлемнің оннан астам мемлекетінен балуандар келді. Дүбірлі додада он салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды.

Қазақстан Республикасының Грек-рим, еркін және әйелдер күресі фе­дера­циясының вице-президенті Дәу­рен Жабасовтың айтуынша, турнирге әлемнің танымал балуандары келді. Олардың қа­тарында Бразилия, Түркия, Ресей, Өз­бекстан, Қыр­ғызстан спортшылары бар. Сон­дай-ақ елімізден ұлттық құрама са­пында сынға түсіп жүрген Ержет Жа­рылқасын, Әлімхан Сыздықов, Айдос Сұлтанғали, Олжас Сырлыбай сынды балуандар бозкілем үстінде жанкүйер көңілінен шығарлық белдесулер өткізді.

– Өздеріңіз білетіндей, грек-рим күресі олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан ұлттық құрама мүшелері үшін мұндай жарыстарға қатысудың ма­ңызы зор. Осыған байланысты дүние­жүзілік додаларда еліміздің намысын абы­роймен қорғап жүрген балуандар да турнирге қатысуға шешім қабылдады. Бұл олардың тәжірибесін арттыруына өз септігін тигізеді. Өйткені, өзге елдерден келген спортшылар арасында да Әлем және Олимпиада төрінде атой салған саңлақтар аз емес. Халықаралық турнирге Қа­зақ­станның бірқатар облысы жеке команда ретінде балуандар жіберді. Ұлттық құрама бапкерлері әрбір белдесуді жіті қадағалайды. Өзін жақсы қырынан таныта білген жі­гіттер алдағы уақытта еліміздің атынан сан алуан сайыстарға қатысуға мүмкіндік алады, – деді Д.Жанасов.

Қызылордалық жанкүйерлер жерле­сіміз Айдос Сұлтанғалидың сайыстарын жіті қадағалады. 2018, 2022 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері бұл жолы да әрбір белдесуін сәтті өткізе білді. Ол финалда Жетісу облысынан келген Ғалым Қабдунасаровтың осал тұсын тауып, жеңіс тұғырына көтерілді.

– Сыр өңірінде өткен турнир­де жерлес­терімді жеңісіммен қуант­қым келді. Әрине, біз әр жарысқа тыңғылықты әзірлік жасаймыз. Өйт­кені, әрбір жетіс­тікке үлкен ең­бек­пен қол жеткізуге бо­лады. Қарсы­лас­та­рым да осал емес. Бозкілем үстінде олар­дың әлсіз тұсын бақылап, ұпай қорын мо­лайтуға тырыстым. Нәтижесінде өз салма­ғымда чемпиондық атаққа қол жеткіздім. Енді алдағы жарыстарға дайындықты жал­ғас­тыратын боламын, – деді Айдос Сұлтан­ғали.

Халықаралық турнирде қызыл­орда­лық Алпамыс Дастанбек, жам­былдық Ержет Жарылқасын, Мейрамбек Қордабай, астаналық Мерей Маулитханов, ресейлік Әділет Тө­леубаев, түркиялық Эмребасар Юнус, Бозкурт Фатих, беларусьтік Ра­дик Кулиев), қырғызстандық Афтандил Таалайбекуулу чемпион атанды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<