Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 4-курс студенттеріне онлайн негізде курс өтті. Тақырыбы – «Жаңартылған мазмұн және гибриттік оқыту. Аталған курста «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының тренері Жанар Жұбауова 5-топ студенттеріне жетекшілік жасады.
Курс барысында жас мамандар білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы аясында жаңаша оқытудағы Smart критерийлеріне сай сабақ мақсатын айқындау жолдары, Колбтың оқыту моделі, саралау тәсілдері, сыни ойлаудың әдістері, Блум таксономиясы бойынша ойлау деңгейлерінің тапсырмалары мен сұрақтары негізінде қажетті ақпараттар алды.
Студенттер жеке және жас ерекшеліктері мен оқу қажеттіліктеріне байланысты тиімді стратегияларды таңдауды, сараланған тапсырмалардың жүзеге асыру жолдарын үйренді. Болашақ «Химия және география» пәндері мұғалімдерінің күнделікті сабаққа қатысқан белсенділігі жоғары дәрежеде болды. Олар сабақ барысында ой қозғау сұрақтарына негізделген жауаптар бере алды. Сонымен қатар, өз пікірлерін мектеп тәжірибесімен байланыстырып, тиімді тұстарын көрсетті, сессиялық залда топтық талқылауларға белсенді қатысып, химия және география пәндері бойынша сабақтың сараланған мақсаттарын құрастыруды меңгерді.
Бұған қоса, оқушылардың жас ерекшелігі мен жеке қажеттіліктеріне сай оқу мақсатына бағытталған тапсырмаларды құрастыру мен сын тұрғысынан ойлауға бағытталған тапсырмалар мен ашық сұрақтар, сұрақ қою техникаларын игерді. Сондай-ақ, онлайн дәріс кезінде ұсынылған мектеп оқушыларының орындаған тапсырмаларына кері байланыс беру жолдарын үйренді. Және сабақ қорытынды сәтінде нақты тақырып бойынша рефлексия жасай алды.
Топ ішінде кейбір студенттер алдағы уақытта байланысты үзбей, тренерден жүйелі сабақ жоспарын құрастыру, STEM тәсілі негізінде сабақ жоспарын дайындау, химия пәні бойынша танымдық, проблемалық, кеңейтілген, құзыреттілікке бағытталған тапсырмалар құрастыру бойынша үнемі әдістемелік көмек алып тұруға ұсыныс білдірді.
Гүлхаят МАХМУТОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Қызылорда облысы бойынша
филиалының PR, MM маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<