Оқушылар сарайының іргетасы қаланды

340

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының сол жағалауында бой көтеретін 350 орындық Оқушылар cарайының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Заманауи қосымша білім беру орталығының құрылысы басталар алдында аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, кешен келешекте балаларға қуаныш сыйлайтынын жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін атап өтті. Президенттің және Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Сыр өңірінде тың жобалар жүзеге асуда. Жарасымды істің жалғасы ретінде шаһардың сол жағалауынан «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,3 млрд теңге болатын заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының іргетасы қалануда. Жаңа нысан білім мен тәрбие ордасына айналып, онда жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуіне оңтайлы мүмкіндік жасалады. Балаларға көл-көсір қуаныш сыйлаған компания ұжымына Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада облыстың Құрметті азаматы Әлима Әбдіхалықова да ізгі тілегін айтып, бастамаға қолдау білдірді. Жалпы, өңірдің білім саласына 278 млрд теңге бөлініп, ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Қазан айында қалада 600 орындық, қараша айында Шиелі ауданы Байсын ауылында 250 орындық мектептің жаңа ғимараты ел игілігіне табысталды. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы 4 мектепке 1850 орындық қосымша ғимарат салынды. Жыл соңына дейін Қазалы ауданындағы 250, Жаңақорған ауданындағы 300 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілмек.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12300 орындық 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталды. Оның бесеуі облыс орталығынан бой көтеруде. Ал қалған 11-нің құрылысы келер жылы қолға алынады. «Білімді қолдау қоры» есебінен құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың құрылысы да қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен сол жағалаудан 4 млрд 800 млн теңгеге музыкалық колледждің жаңа ғимараты салына бастайды.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<