Орталық алаң осылай жасанады

416

0

Қазір Қызылорда қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Түрлі санаттағы әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Жаңа шағын аудандар салынып, қала сәулетіне әр беруде.

Талай тарих толқынын бастан өткізген біздің өңір үшін бұл жаңа қадам. Биыл құрылғанына 85 жыл толып отырған облыс оң өзгерістерге толы. Соның бір дәлелі – Сыр елінің бас қаласындағы байыпты бастамалар.

Қызылорда қаласында абаттандыру және көркейту шараларына ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда.

Осы орайда қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай орталық алаңның абаттандырылуы жайлы кеңінен айтып берді.

– Бүгінде орталық алаңды абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтар болсақ, Әйтеке би, Желтоқсан, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев және Қорқыт ата көшелері аумағына дейін көркейту жұмыстары жасалады. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен тиісті қаражат қаралды. Игілікті іс жыл аяғына дейін толықтай жүзеге асырылады деп күтілуде, – деді ол.

Көпшілікке көзайым боларлық жобаны бұл салада мол тәжірибесі бар  «Техоснастка-ремсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. 

Мұндай жаңалыққа қала тұрғыны, зейнеткер Жақсыгүл Бодашова қуанышын білдіріп, баспасөз арқылы аналық ризашылығын білдірді.

– Қаламыз көркейіп келеді. Ал көрікті орта – кім-кімнің де мақтанышы.  Халықтың қалауына орай осындай істерді атқарып жатқан азаматтарға алғыс айтамын, – деді бізбен әңгімесінде.

Заманауи кейіпте жаңғыртылатын алаң жанға жайлы, көңілге қонымды болмақ. Мұнда, әсіресе көпшіліктің алаңсыз демалуына толыққанды жағдай жасалады. Брусчаткалар төселіп, жолжиек тастар қойылады. Бұл балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Жарық диодты шамдар мен газондар, көпжылдық жасыл көшеттер көз тояттайтын көрікті орынға айналады. Жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары мен балалар ойын алаңы шаһар келбетіне шырай бермек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<