Президенттік мандаттың жаңа кезеңі

560

0

Мемлекет басшысының мандатын талдау – Президент сайлауын талдау секілді маңызды мәселе. Сайлау арқылы Президентке мемлекеттік саясатты жүргізуге рұқсат ұсынылатын жалпыхалықтық мандат беріледі. Бұл тұста сайлаушылар нақты мәселелер бойынша пікірге ие азаматтар екенін ұмытпауымыз керек. Екіншіден, олар кандидаттардың осы мәселелер бойынша ұстанымын біледі. Үшіншіден, сайлаушылар кандидаттардың мәселелер бойынша ұстанымдары негізінде оларға дауыс береді. Сондықтан Президент сайлауының нәтижелерін әдетте қоғамдық пікірдің көрсеткіші деп атауымызға болады.

Мандат – көп мағыналы түсінік. Ғалымдар сайлау мандаттарын сайлаушылардың өздерінің саяси қалаулары туралы ұстанымдарын көрсету үшін дауыстарын пайдалану ниеті ретінде қарастырады. Халықтың сенім мандаты арқылы Президенттер мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асырады. Мандат мемлекеттің идеологиялық саясатын іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін береді.

Мандат тұжырымдамасының күрделілігі мен маңыздылығы ғалымдарды бұрыннан мазалайды. Мәселен, американдық саясаттанушы, плюралистік демократия тұжырымдамасының негізін қалаушылардың бірі Роберт Даль өз еңбектерінің бірінде «Президенттік мандат теориясының тарихы әлі жазылмаған» деп тұжырымдайды. Демек, Президенттің 7 жылдық мандатын талқылау алдағы уақытта да сарапшылар арасында жалғаса береді.

Көбінесе бір анықтамасы бар біртұтас ұғым ретінде қарастырылатын Президенттік мандат іс жүзінде демократия және Президенттік көшбасшылық туралы жеке идеялармен байланысты бірнеше анықтамаларды қамтиды. Президенттік мандаттың үш аналитикалық анықтамасы бар: плебисцитарлық; сыни сайлау және жауапты тарап. Олардың әрқайсысы өз ерекшеліктерін көрсетеді: өкілдіктің туралығы, сайлау нәтижелерінің шегі және саясаттың айқындығы. Бұл анықтамалардың өз шығу тегі мен интеллектуалдық тарихы бар. Әрқайсысы Президент пен сайлаушылар арасындағы түрлі қарым-қатынасты көрсетеді және заңды Президенттік биліктің негіздері туралы өзгеше жорамалдар ұстанады.

Плебисцитарлық анықтама нұсқасында Президенттің легитимділігі бүкіл электоратпен қарым-қатынастан туындайды. Плебисцитарлық анықтаманың негізгі алғышарты – бүкіл халық сайлаған Президент шынайы ұлттық ерікті білдіреді. Сыни сайлаудың аналитикалық анықтамасы Президенттер кейбір сайлаулар нәтижесінде белгілі бір критерийлерге сай болғанда ғана саяси легитимдікке ие болады деп болжайды. Президенттік мандаттың сыни сайлау нұсқасы президенттік институт табиғатының сипатына емес, сайлау нәтижесіне баса назар аударады. Жауапты тараптың нұсқасы бойынша Президенттің саяси қайраткер ретіндегі легитимдігі науқан барысында берілген уәделердің анықтығынан және Президенттің қызметке кіріскеннен кейін осы уәделерді орындау міндеттемесінен туындайды деп болжайды. Жауапты тарап пен сайлау мандаты арасындағы байланыс интуитивті түрде түсінікті. Сайланатын лауазымды тұлғалар өздерінің нақты саяси міндеттемелері және сайлау науқаны кезінде сайлаушылардың осы міндеттемелерді түсінуі негізінде мандат алуға ұмтылады. Мандаттың бұл нұсқасы плебисцитарлық көшбасшылыққа немесе тек сайлау нәтижелеріне емес, жүргізілетін саясат пен уәделердің орындалуына баса назар аударады.

Әр мемлекетте президенттер сайланатын бір жылдан жеті жылға дейінгі мерзімдер болған және әлі де бар. Президенттің сайланатын мерзімінің ұзақтығы, екі мерзім болсын, біздің жағдайдағы бір мерзім құқықтық саясаттың мәселесі болып табылады. Бір мерзіммен шектеу еліміздің жаңа саяси дәстүрлерін қалыптастырады.

Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу мемлекеттік саясаттың «фиксациялық» бағдарын айқындайды деуге негіз бар. Бұл шешімнің Президенттік билікке тигізетін әсері туралы айтатын болсақ, ойға үш түрлі пікір келеді. Біріншіден, елімізде саяси жалпы тәртіп қалыптасады. Президенттің нақты бекітілген бір реттік мандаты президенттік билікті анықтаудың қажетті құрамдас бөлігіне айналады. Екіншіден, заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы ынтымақтастық тәжірибесін дамытуға ықпал ете алады. Олардың ынтымақтастығына бірінші мүдделі адам 7 жылға сайланған Президент болуы керек. Үшіншіден, жаңа элитаның ауысуын жеңілдетіп, геронтократияны болдырмауға көмектеседі.

Қазіргі таңда алдағы күндері өткелі жатқан кезектен тыс Президент сайлауына байланысты халық арасында түрлі пікірлер қалыптасқан. Президенттік мандаттың жаңа кезеңін бастағалы жатқан бұл сайлау жан-жақты реформаларды жүзеге асырудың қадамы болмақ.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<