«Қайсар» әзербайжандық клубпен кездесті

486

0

Түркия жерінде өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны барысында қызылордалық «Қайсар» Әзербайжанның «Шамахы» клубымен кездесті.

Ойын барысында бас бапкер Виктор Кумыков сынаққа келген футболшылардың шеберлігін таразылады. Олардың барлығы дерлік жасыл алаң төрінен көрінді.

Кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Енді жерлестеріміз 16 қаңтарда Косовоның «Балкани», 18 қаңтарда Әзербайжанның «Кяпаз», 23 қаңтарда Сербияның «Раднички» клубтарымен шеберлік байқасады.

Ал, 25 қаңтарда Болгарияның «Локомотив» (София) командасымен ойнаса, 26 қаңтарда сербиялық «Вождавацпен» жасыл алаңға шығады.

Азия біріншілігінеқатысады

Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгі жастар арасында Азия біріншілігі жалауын көтереді. Құрлықтық додада қызылордалық Нұрсұлтан Алтынбек те ел намысын қорғайды.

Ол 54 келіде шаршы алаңға шығады.

Азия біріншілігінде қазақстандық боксшылар 13 салмақ дәрежесінде толық құрамда қатысады. Құрама сапына бұдан бұрын ересектер арасында сынға түсіп жүрген Санжар Тәшкенбай (48 келі), Даниял Сәбит (51 келі), Махмуд Сабырхан (57 келі), Сағындық Тоғамбай (86 келі) сынды боксшылар шақырту алған.

Сондай-ақ, өзге салмақтарда Талғат Сырымбетов (60 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Абзал Серік (67 келі), Сабыржан Аққалықов (71 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Ерхат Бекзат (92 келі), Аманат Сабырғали (92 келіден жоғары) сынға түседі.

Үш жыл қатарынан үздік

Өткен жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы елімізде тоғызқұмалақтан үздік өңір атанды. Мұндай мәртебеге жергілікті спортшылар үш жыл қатарынан ие болып келеді.

Былтыр қызылордалық тоғызқұмалақшылар ел біріншілігінде 21 алтын, 11 күміс және 14 қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Әлем, Азия кубогі мен біріншілігінен 3 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль олжалап қайтты.

Облыста тоғызқұмалақпен 1000-ға жуық адам кәсіби түрде айналысады. Олардың арасынан 25-і ұлттық құрама сапында ойын көрсетеді.

Әзірлеген

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<