Қала бюджетіне ұсынылған жобалар талқыланды

505

0

Қала әкімі Ғ. Қазантаев облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Қала әкімі халықпен кездесіп, мәселелерін жетік білетін халық қалаулыларымен еркін форматта пікірлесіп, өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде 2022 жылдың қала бюджетіне ұсынылған жобалары талқыланды. Айта кетсек, облыс орталығының 2021-2023 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, республикалық және жергілікті бюджеттерге 21 млрд 187 млн теңгенің 49 жобасы ұсынылып отыр.

Оған дейін халық қалаулылары әрбір жобаны жан-жақты талқылаған. Жобалардың барлығы коммуналдық саланы ілгерілетуге, қызмет сапасын жақсартуға, шаһарды абаттандыруға, халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Солардың қатарында соңғы уақытта күрделі мәселеге айналған қоғамдық көлік қатынасы, ауыз су және аяқ судың үздіксіз берілуі және тазалық жұмыстарының үйлестірілуі бар. Алдымен қала әкімі Ғ. Қазантаев бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып, ұсынылып отырған жоба бөліністері арқылы аталған жұмыстарды жүргізуге бірауыздан атсалысу қажеттігін атап өтті.

Кездесуде халық қалаулылары бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, елді мекендердегі ауыз су, газбен қамтамасыз ету, қосымша білім беру, денсаулық саласы, қоғамдық көліктердің мәселесі айтылды.Облыстық мәслихат депутаты А. Оңғарбаев әрбір депутаттың өзіне бекітілген аумақта жұмыс жасауы туралы ұсынысын айтса, С. Бихожаева су жүйесі мен тазалық мекемесін қосу, тығырықтан шығатын жол екендігіне ешкімнің кепіл бола алмайтынын айтты. Сонымен бірге қоғамдық көліктердің кешкі уақыттарда сирек жүру мәселесіне тоқталды. Одан кейін, облыстық мәслихат депутаты А.Абибуллаева 2,6 млрд тұратын аяқ су жүргізу жобасының талқылау жұмыстарын қатысқандығын айтып, аяқ су мәселесі бойынша алдағы уақытта аталған жоба жүйеге қосылған жағдайда, қосымша қаражаттың қажеттілігі туындайтынын ескеруді сұрап, осы тұрғыда халыққа қосымша ақпарат беру туралы ұсынысын айтты.

Сондай-ақ, ауыз судың тарифі көтерілсе, оның сапасы да сол бағаға сай болуы керек деді.Мұнан кейін сөз алған қалалық мәслихат депутаты А. Ізден алдымен қосымша білім бағдарламасына тоқталды. Мәдениет, спорт, білім саласындағы балаларға арналған үйірмелердің қаражатын ата-аналарға қайтарып беру механизмі Қазақстанның барлық аймағында еңгізілген. Қалада кемінде 10 мыңға жуық балаға қосымша білім беруге қаражат қаралса деген ұсынысын жеткізді. Одан соң, келесі жылы 50 жылдық мерейтойын тойлайтын облыстық филармонияның техникалық жағдайының мәз емес екендігін, сахнаны заманауи инновацияларға сәйкестендіру үшін және әртістердің костюмдерін жаңартуға кемінде 40-60 млн.теңге көлемінде қаражат қарастыру мәселесін алға тартты. Сонымен қатар, ковидке, ковидтік пневмонияға шалдыққан азаматтарды, балаларды қайта оңалту мәселесі мен әсіресе, балаларды қайта оңалтуға арналған қосымша орындар ашу керектігін және мемлекеттік тапсырыс аясындағы орындалып жатқан жобалардың сапасы туралы мәселені көтерді.

Сондай-ақ, кездесу барысында облыстық мәслихат хатшысы Н. Байқадамов «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын алдыңғы қатарға қойып, оның орындалуына жауапкершілікпен қарауды сұрады.- Президент Қ. К. Тоқаев өзінің Жолдауында бюджеттің тиімділігіне бірден-бір жауапты – мәслихат деген болатын. Сайлауға түскен кезде біз партияның бағдарламасын халыққа жарияладық. Сол себепті кестеде көрсетілген әрбір мәселе алдағы уақытта кеңінен талқылануы қажет. Су мәселесіне қатысты айтар болсам, екі апта бұрын БҰҰ-ның үлкен форумы өтті. Сонда БҰҰ-ның басшысы 7 мәселе көтерді. Соның бірі – ауыз су.

Осы ретте мемлекет басшысы да өзінің биылғы Жолдауында 2030 жылы суға тапшылық 40% пайызға дейін көтеріледі деді. Осы мәселені ескеруіміз керек. Біз нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Субсидия төленетін болса оның сұрауы болады. Қазірге дейін қоғамдық көлік мәселесін шеше алмай келе жатырмыз. Осы тұрғыда бүгінгі басқосу өзара үйлесімді жұмыс жасауға мүмкіндік береді деп есептеймін, – деді облыстық мәслихат хатшысы Н. Байқадамов. Депутаттармен ашық пікірлескен қала әкімі Ғ.Қазантаев аталған мәселелердің маңызды екенін назарға салып, бірлесіп жұмыс атқару арқылы нәтиже болатынын қаперге салды. Сондай-ақ, оның шешілу тетігінің кезең-кезеңімен іске асырылатынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<