Қалам мен сөзді қадір тұтқан

424

0

«Тарихты тұлғалар жасайды» десек, Сыр өңіріндегі баспасөз саласының майталмандары өз дәуірінің жылнамасын түзуге үлкен үлес қосты. Биыл Сыр журналистикасының көрнекті өкілі, соғыс және еңбек ардагері  Қалқабай Әбеновтің туғанына 100 жыл толды. Өңір руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның есімін жаңғыртуды ұрпақтары мен аймақ журналистикасының кейінгі толқыны естен шығарған емес.

«Достық үйіндегі» «Сыр бойы», бұрынғы «Ленин жолы» газетін 18 жыл басқарған редактордың 100 жылдығына арналған «Сыр баспасөзіндегі 1960-1980 жылдар: редактор Қалқабай Әбеновтің рөлі» атты ғылыми-танымдық конференция кешегіні шолып, ертеңге бағдар алған іс-шара болды. Конференцияны облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Сыр медиа» ЖШС, Қ.Әбенов атындағы «Сыр журналистикасы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары мен оқытушылары, Сыр журналистикасына еңбек сіңірген ардагерлер және Қ.Әбеновпен қанаттас-қызметтес болған әріптестері, туған-туыстары, замандастары қатысты.

Конференцияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізіп, қаламгердің өмір жолы мен қайраткерлік қарымы туралы айтты.

– Жалпы адамзат тарихында халықтың рухани-мәдени өмірінің айнымас бөлшегі әрі қоғамдық сананы қозғаушы күш ретінде баспасөздің орны бөлек. Ақпарат кеңістігінде өзіндік ұлттық идеологияның жүгін көтерген қазақ баспасөзі небір қилы тағдырды бастан кешкені белгілі. Ғалым, жазушы Құлбек Ергөбек жазғандай, қазақ баспасөзі дегеніміз – толқын-толқын қаламгерлік қауым. Соның ішінде аймақ журналистикасында аты қалған, газет ісін өрге сүйреген, сырбойылық редакторлардың қатарында шоқтығы биік буынның байыпты ұйымдастырушысы болған Қалқабай Әбеновтің есімі бүгінгі буынға үлгі-өнеге. Былтыр жарық көрген «Сыр журналистикасының тарихы» деген 5 кітаптан тұратын жинақтың «Сыр бойы» газетіне байланысты беттерін парақтасақ, бұған әбден көз жеткіземіз, – деді Н.Байқадамов.

Басылым жетістігі мен басшысының жауапкершілігі

Конференцияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Қ.Әбеновтің өмір жолына тоқталды. Қазақтың басына түскен алмағайып заманда Ташкентке қоныс аударған, сол жақта білім алып, еңбекке енді араласқан шағында екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған қаламгердің ғұмырнамасы ғибратқа толы. Соғыстан кейін алдымен білім саласында, кейін  облыстық партия комитетінде еңбек еткен ол баспасөзге 1956 жылы келді. Шиелі аудандық «Коммунизм жолы» газетінде редактор, облыстық партия комитетінде лектор, лекторлар тобының меңгерушісі, мектеп бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Осы жылдарда Қызылорда педагогика институтын, СОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірді.

– Қ.Әбенов 1968 жылдан 1985 жылыға дейін облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы болып қызмет жасады. Осы газеттің 93 жылдық тарихында ең ұзақ уақыт басшылық жасаған адам – Қалқабай Әбенов еді. Облыстық аға басылым «Ленин жолының» 11-редакторы Қ.Әбенов басшылық жасаған басылымда журналистика мамандығының майталмандары,  соғыстың ауыр жылдарын,  одан кейінгі қилы кезеңдерді бастан кешкен, осы саланың қыр-сырын әбден меңгерген кісілер қызмет етті, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Облыс әкімінің орынбасары өз баяндамасында «Ленин жолының» сол жылдар ішінде жеткен жетістіктерін атап өтіп, мұның барлығы да редактор Әбеновтің ерен еңбегінің нәтижесі екенін айтты. Сондай-ақ редактордың қызметтегі қалпы, адами болмысы туралы естеліктерден үзінді келтірді. Оның бірі  –  басылымның редакторы болған Нұрділдә Уәлиевтің естелігі. «Газет күн сайын  шығатын болғандықтан ол жылдары редактордың жұмысы өте ауыр болатын. Былайынша күндері кешкі сағат 9-10-ға дейін жұмыс істейтін, ал, облыстағыны санамағанда Мәскеуде, Алматыда үлкен жиындар жүріп жатқанда қашан сол жақтан хабар болғанша редактор жұмыс орнында болып, телетайп хабарын күтетін. Ондай күндері газет 8-12 бет болып шығады. Терілген әріптер баспахана үстеліне сыймай сапырылысып, беттердің алмасып кетіп жататын жағдайлары да кездесетін. Осылайша таң ата үйіне қайтатын редактор таңертең жұмыс орнында отыруы тиіс еді» деген жазбадан редактор жауапкершілігінің қаншалықты күрделі екенін бағамдауға болады.

Ал Қазақстанның Құрметті журналисі Өтеген Жаппарханның естелігінде: «…Әбенов жыл бойы атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың күнделігін жариялап, азамат диқанның асыл қасиеттері оқырман қауымды тамсандырды. Кейін ол көркем шығармаға желі болып, күрішші даңқы аспандай түсті. Екінші Ыбырайдың шәкірті Закира Ержанованың жұлдызының жануына Қалекеңнің әлденеше рет қалам тартуы, ауданнан басталған мақтау-мадақтың республика, одаққа асуы қазақ қызының бағын жандырды» делінген.

– Бұл баспасөздің еңбек адамдарына рухани демеу ғана емес, оның өмір жолына тікелей әсер ете алатын ықпалын байқатады. Әрине, ондай мақалаларды Қалқабай Әбенов секілді жеріне жеткізіп жаза білу өнері де басты орында тұрады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Баяндамасының қорытындысында Н.Сақтағанов үш жылдан бері «Сыр медиа» ЖШС және Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы, Қ.Әбенов атындағы «Сыр журналистикасы» қоғамдық қоры ұйымдастырып келе жатқан шығармашылық байқау туралы айтты.

– Алдымен «Сыр бойы» газетінің 90 жылдығына, былтыр ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған байқаулар жас журналистер арасында өтті. Комиссия байқау ережесіне сай туындыларды іріктеп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Биыл басылымның байырғы редакторының 100 жылдығына орай баспа және электронды БАҚ өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз қаламгерлер арасында «Туған жер – тұғырым» атты байқау жарияланды. Бұл байқаулар Қалқабай Әбеновтің кәсіби жолын, адами болмысын үлгі тұтқан қаламгерлерді қолдау, сонымен бірге тұлғаның елге жасаған қызметін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған. Кейінгілер өзінің алдындағы жақсы-жайсаңдардың бейнесін тану арқылы өз бейнесін жасайды. Бұл бағытта ұлағат иесі Қалқабай Әбенов ұрпақ тәрбиесі үшін, өмір өнегесі үшін шырағдандай сәулелі бейне болуға әбден лайық, – деп қорытындылады өз сөзін облыс әкімінің орынбасары.

Редактордың қоғамдағы орны

Конференцияда «Журналистік шеберлік және дәстүр сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев басылымның бас редакторына жүктелген негізгі міндеттерге тоқталды.

– Өзі басқарып отырған басылымның ақпараттық саясатын анықтап, қоғамның, ең бастысы оқырманның сұранысы мен қажеттілігіне сәйкес ақпаратпен қамтамасыз ететін ұжым қалыптастыру, заманның тыныс-тіршілігін тап басатын тамыршысындай, кезеңнің кескін-келбетін шынайы бейнелейтін суреткердей шығармашылық ұжымды басқару  ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетпен қатар шығармашылық адамның ішкі жан дүниесін түсіне алатындай қасиетті де керек ететіні сөзсіз, – деді ғалым. 

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы әр мақала, тіптен әр сөйлем кеңестік қатал цензурадан өтетін Қалқабай Әбенов басқарған жылдар «Ленин жолы» газетінің өркендеу кезеңі болды. Осы жылдары газет редакциясы тек журналистік шеберлікті шыңдау шеберханасы ғана емес, сөз өнерінің қыры мен сырын үйрететін суреткерлік мектеп те еді. Ғ.Тұяқбаев оған журналистік қызмет пен сөз өнерінің тізгінін тең ұстай жүріп қазаққа танылған А.Сәдібекұлы, Қ.Сүйеніш, Р.Бекбергенова, Ж.Түменбаев, Ә.Рахымбекұлы сияқты ақын-жазушылардың осы ортадан шыққанын дәлел ретінде келтірді.

– Ұлттың, мемлекеттің, тіптен аймақтың медиаобразын қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. Әсіресе, қазіргідей геосаяси жағдай ушығып, ақпараттық соғыс алға шығып тұрған уақытта мерзімді басылымдарға, журналистерге артылар жүк те жеңіл болмасы анық. Соның ең бастысы – еліміздегі, аймақтағы жаңалық пен жақсылықтың насихатшысы бола жүріп, елге қызмет жасау. Осы ретте аға буын өкілдерінің дәстүрін жалғап келе жатқан аймақтағы аға басылым «Сыр бойы» газетінің ерен еңбегін де атап өткеніміз жөн, – деді профессор.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиал төрағасы Аманжол Оңғарбаев «Газет редакторлары және олардың қоғамдағы орны» тақырыбындағы баяндамасында газет шығару ісінің кешегісі мен бүгініне тоқталды. Бұрын газеттің таза қол еңбегімен, адам айтса нанғысыз орасан зор бейнетпен жарыққа шығуы материалдық қиындық деп саналса, бүгін газетті еркімен оқитын оқырманның жоқтығы журналистерді моральдік қиындықтармен бетпе-бет келтіріп отыр.

– Әйтсе де, уақытқа ілесу қай кезеңде де тілші деген қауымның басты ұстанымы болғандықтан, смартфон арқылы жаңалық оқудың тиімділігін ескеріп, бүгінде барлық аудандық, қалалық, облыстық – барлық басылымдардың сәт сайын ақпараты жаңаланып отыратын сайтын жасап, оған қосымша газеттің электронды нұсқасын оқуды ұсынып отыр.

Осындай дәстүрлі журналистика мен заманауи медианың тоғысында арғы-бергі тарихымызды түгендеп, газет арқылы бүтін бір мемлекеттің идеологиясын қалыптастырған кешегі арда ағалардың алдындағы парыздың бір өтеуіндей «Сыр журналистикасының тарихы»  деген бестомдықты жарыққа шығарғанымызға да көп бола қойған жоқ, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Тарихтағы тың деректер

Серіктестік басшысы тоқсан жылдан астам шежірені сырсандығында сақтаған ата басылым – «Сыр бойы» газетінің тарихына тоқталып, оның алғашқы шығарушылары мен редакторларына қатысты екіұдай пікірлер мен сауалдар өткеннің көмбесін ақтаруға негіз болғанын айтты.

Басылымның тарихында 1963-1973 жылдары газет редакторының орынбасары (1985-1991 жылдары редактор) болған Нұрділдә Уәлиұлы қазақ басылымдарының тарихын зерттеу барысында «Сыр бойының» бірінші нөмірін тауып, ғылыми негізде дәлелдегені жазылған. Нұрділдә Уәлиұлының бұл табысы, шын мәнінде, өзінің шығу тарихын облыс құрылған 1938 жылмен байланыстырған басылымның ғұмырын ұзартып берді. Мұны «Ленин жолының» 1967 жылғы №212 нөмірінде «Облыстық партия комитеті осы тарихи материалдар негізінде облыстық газеттің шыққан күнін «Сыр бойы» газеті шыққан күн – 1929 жылғы 1 июльден бастап санауға қаулы алып, тарихи дәлдікті қалпына келтірді» деп көрсетті.

– Осы жерден тағы бір тарихи шегініс жасап, газет тарихына қатысты мынадай деректерді де айта кеткіміз келеді. 1920 жылы зерттеуші ғалымдар қазақ баспасөзінің бұлағы деп бағалайтын «Ақ жол» газеті жарық көрді. Түркістан Советтік социалистік республикасының газеті ретінде өмірге келген «Ақ жол» 1925 жылы Шымкент губерниясының тілі ретінде ақырғы тынысын алды. Әрі қарай сол жылдары біріктірілген Жамбыл, Шымкент, Қызылорда өлкелік комитетінің ортақ баспасөзі ретінде «Оңтүстік Қазақстан» газеті деп аталды. Кейін осы өлкелік комитет тарап, өз алдына облыс болғанда әр аймақтың газеті жеке-жеке шыға бастады. Осы тарихи қисынмен «Сыр бойы» газеті бастауын «Ақ жолдан» алғанда оның тарихы жүз жылдан әріге асады екен, – деді А.Оңғарбаев.

Одан әрі баяндамашы «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторы жөніндегі пікір қайшылығына, Жиенғали Тілепбергенов пен Батырғали Калюковке қатысты архив деректеріне тоқталды. Сонымен деректер не дейді?  1929 жылдың 4 маусымы күнгі бюрода округтік комитет органы ретінде қазақ тілінде газет шығару мәселесі қаралып, ол бойынша Калюков жолдас (фамилияда архив құжаттарының орфографиясы сақталды) баяндама жасаған. Қабылданған 6 пункттен тұратын қаулыда «Округтік комитетке аптасына 2 мәрте шығатын газет қажеттілігі ескерілсін. Газет 20 маусымда шығарылсын. Газеттің жауапты редакторы болып Калюков бекітілсін» деген пункттер бар. Құжаттарда Батырғали Калюковтің орыс тілді «Ленинский путь» газетінің жауапты редакторлығын қоса атқарғаны да қатталған.

– Осы негізде біз «Сыр бойының» алғашқы саны әрі оның редакторы жөнінде сұрау салдық. Қазақ басылымының түп тарихы туралы өңір тұрмақ, тұтас қазақ жерінен тұшымды дерек таппадық. Ақтөбе облыстық архивіне Жиенғали Тілепбергенов (Ақтөбе облысында дүниеге келген) туралы жолдаған хатымызға «нақты деректер жоқ» деген жауап келді. Ақыр-соңы іздегеніміз, яғни «Сыр бойы» газетінің бірінші нөмірі Ресейдің мемлекеттік кітапханасынан табылды. Онда жауапты редактор ретінде Калюковтың аты көрсетілгені тайға таңба басқандай алдымыздан шықты. Бір қызығы, газеттің алғашқы 4-нөмірінде жауапты редактордың орынбасары деп М.Гатауллин есімі көрсетілсе, 11-нөмірінде Г.Сағатов, 26-нөмірінде жауапты редактордың орынбасары деп Ж.Тілепбергеновтің есімі берілген. Сонымен «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторы «Калюков» деген біздіңше «Халықов» деп нақтыланды, – деді А.Оңғарбаев. 

Серіктестік басшысы газеттің 4-нөміріне жауапты редактордың орынбасары деп қол қойған Мансұр Ғатауллин жайында тың деректер келтірді. Ол – елді жайлаған алапат ашаршылық жайын баяндап әйгілі «Бесеудің хатын» жазғандардың бірі. М.Ғатауллиннің «Сыр бойы» басылымында қолтаңбасы қалғаны жайлы дерек «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдық еңбек жазылып жатқанда белгілі болды. «Бесеудің хатына» қол қойғандардың арасынан Ғатауллиннің ғана ату жазасына кесілгеніне қарағанда, ол бар кінәні өз мойнына алған болу керек. Оған «Бұлардың еш жазығы жоқ. Мен – жаумын. Менi соттаңдар, жалғыз өзiмдi. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, мен – өз халқымның жауының жауымын» деп айтқан соңғы сөзі дәлел. 

– Қазақ руханиятының көгінде жұлдыздай жарқыраған қаламгер-қайраткерлердің ізін Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаевтар жалғады.

1991 жылғы 19 тамыздағы Мәскеудегі оқиғаға байланысты Одақтағы бар баспасөз әліптің артын бағып, бұғып отырғанда «Бұл – мемлекеттік төңкеріс» деп жарияға жар салып газет бетінде бас мақала жариялаған, өткен жылы күллі қазақ интелегенциясы «Халық қаһарманы» атығына ұсынған Нұрмахан Оразбек ағамыздың да осы елдің тумасы екендігіне ішің жылиды. Бұл ретте  Сыр өңірінде білім алып, осы өлкеде қызмет істеген Қалқабай Әбенов, Нұрділдә Уәлиев, Әскербек Рахымбеков, Жақсылық Рахматулла тек жақсы редактор ғана болған жоқ. Олар қоғамның көшбасшысы ретінде танылды. Бір ғана мысал, 25 жылға жуық газет ісін басқарып, қазақтың Қалқабайы атанған сырбойылық қайраткердің өнегелі жолы бүгінгі буынға тағылым мен тәрбие деп есептейміз, – деді баяндамашы. 

Сөзінің қорытындысында Аманжол Сақыпұлы «Алдыңғы толқынның қалам мен сөзді қадір тұтқан қасиетін бүгін біз қаншалықты сезіне алып жүрміз?» деген сауал төңірегінде ойларын айтты. Бұқаралық ақпарат құралдарының күн өткен сайын тарылып бара жатқан тыныс-тіршілігі, медиакеңістіктегі мәселелер кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Оның ең басында әлеуметтік мәртебесі айқындалмаған журналистердің жағдайы мен баспасөзге жазылу мәселесі тұр. Екіншісінің өзекті болғаны соншалық, аймақтық басылымдардың тағдыр-талайы қыл үстінде деуге болады.

– Ақпараттық идеологиялық майданда қандай да бір қаржы көлемінен биік тұратын маңызды нәрселер бар. Ұлт мүддесі үшін жұмылдырылған істе көзге көрінбейтін нәзік иірімдер болады. Соның бір көрінісін кешегі қасіретті қаңтар оқиғаларын ақпараттандыруда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының орасан күшке ие болғанынан-ақ айқын аңғарамыз. Әп-сәтте әлеуметтік желіде желдей есетін дақпырттың ақ-қарасын ажыратуда да мемлекеттік ақпарат құралдарының рөлі орасан зор. Көрнекті ағартушы Міржақып Дулатов айтқандай, «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, өзі де күшті». Баспасөзді және оны дамыту ісіне орасан зор үлес қосқан тау тұлға қайраткерлерімізді құрметтеу келер ұрпаққа көрсететін үлгі-өнеге деп есептейміз, – деді «Сыр медиа» ЖШС бас директоры.

Кәсіби және адами қасиеттер тоғысы

Қ.Әбенов музейде болған жылдар туралы облыстық тарихи өлкетану музейі қор бөлімінің меңгерушісі Аманкүл Нұржанова баяндады. Сол жылдары облыстық музейге қосалқы ғимарат салынып, қызметкерлерге арналған жұмыс кабинеттері жасақталды. Экспозиция залдары ұлғайып, жәдігерлер саны көбейген. Музей қызметкерлерінің ауыл-ауылға сапарлап, көненің көзіндей ескі мұраларды жинауы, қорды толықтыру жұмысы жолға қойылды. Сондай-ақ басшы музей ісіне байланысты республикалық конференциялар, басқа да іс-шараларға өз қызметкерлерінің қатысуын, тәжірибе алмасуын қамтамасыз етті.

А.Нұржанова Қ.Әбеновтің іскерлігімен қоса адами қасиеттері туралы да естелік айтты. Басшының ұжым мүшелерінің бірлігі, қолайлы ахуал мен жайлы орта қалыптастырудағы еңбегіне тоқталды.     

Қазақстанның Құрметті журналисі Қайырбек Мырзахметұлы өз естелігінде Қ.Әбеновпен 50-жылдардан, Шиелі аудандық газетінде қызмет атқарған кезден бері қарай әріптес болғанын айтты.

– Қалекеңнің газеттің қым-қуыт тірлігін ұзақ жыл басқаруын оның кәсіби, адами қасиеттерімен байланыстырамын. Ол баспа ісінің мың сан тетігін қиюластырушы конструктор, өз саласында жаңа әдіс-тәсілдер тапқан өнертапқыш, билік пен оқырман арасын байланыстырған дипломат, атақ-дәрежесі жоқ ғылым докторы еді, – деді Қ.Әбеновтің көзін көрген қарт журналист. Сонымен қатар қайраткер-қаламгерге бір мектептің атын беру туралы ұсынысын жеткізді. Ұсыныс іс-шараға қатысушылар қолдауына ие болды.  

Басқосуда мемлекет және қоғам қайраткері Шахизат Төребаев сөз алып, қаламгер туралы естелік айтты.  Конференцияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қорытындылап, ғылыми-танымдық конференция аясында ғасырға жуық тарихы бар ата басылымды жиырма жылға жуық басқарған Қалқабай Әбеновтің қаламгерлік қыры, ұйымдастыру шеберлігі жайында өнегелі, тағылымды әңгіме болғанын айтты.

Қалқабай қаламының мұрагерлері

Жазушы-қаламгер Қалқабай Әбенов атындағы шығармашылық байқау бұған дейін екі рет жас журналистер арасында жарияланған еді.

Биыл белгілі қаламгердің 100 жылдығына орай «Сыр журналистикасы» қоғамдық қоры мен «Сыр медиа» ЖШС ұйымдастырған «Туған жер – тұғырым» атты шығармашылық байқауда қатысушылардың жасына шек қойылған жоқ.

Осыған орай арнайы қазылар алқасы редакцияға түскен отызға жуық шығармаларды сараптан өткізді.

Қатысушылардан келіп түскен екі тілдегі мақала, әңгіме, очерк, өлең, арнайы репортаж жанрындағы шығармаларға қойылған – мазмұнның ашылуы, тіл мен стиль ұғынықтылығы, ұлттық салт-дәстүрдің көрініс табуы, туған жер құндылығы секілді талаптардан шыққан Дүйсенбек Аяшұлының «Табалдырығыңа табын» атты әңгімесі «Үздік баспасөз материалы» аталымы бойынша І орын жүлдесіне лайық болды.

Осы аталым бойынша Нұрбай Жүсіптің «Сағыныш» атты новелласы ІІ орын, орыс тілінде жазылған Жанна Сраждинқызының «Степь, я твой сын» очеркі ІІІ орын сыйлығына ие болды.

Ал, «Үздік телехабар» аталымы бойынша Бекзат Нұрғалиұлының «Біздің ауыл» телехабары жүлдегер атанды.

Жеңімпаздарды бағалы заттармен және дипломмен «Сыр медиа» ЖШС директоры, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев марапаттады.

Байқауға  қатысушыларға Қ.Әбеновтің ұрпақтары демеушілік жасады.

Қайраткер-қаламгердің рухына бағышталып ас берілді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<