Қаламгерге құрмет

524

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова республикалық «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында басылымның меншікті тілшісі, Қазақстанның құрметті журналисі Миуагүл Байназаровамен кездесті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, ардагер-журналист, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Айткүл Шалғынбаева және республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев қатысты.

Басқосуда аймақ басшысы «Жас Алаш» газетінің ақпараттық кеңістіктегі орнына тоқталып, басылымның мерейтойымен құттықтап, қаламгерге Алғыс хат табыстады.

–    Биыл  қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар «Жас Алаш» газеті ғасырлық мерейтойын атап өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 100 жылдық мерейтой аясында «Жас Алаштың» жүз жылдық жолы –  төл тарихымыздың жылнамасы, ұлт руханиятының шежіресі» деп атап өткен болатын. Бұл орайда газеттің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі ретінде сіз Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуын басылым арқылы кеңінен насихаттап келесіз. Өзіңізді қаламы қарымды журналист ретінде аймақ халқы жақсы біледі, құрметтейді. Басылымның мерейтойы құтты болсын, шығармашылығыңызға табыс тілеймін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева және «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев әріптесі, қарымды қалам иесінің еңбек жолы туралы айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде  Миуагүл Байназарова да «Жас Алаш» газетінің негізгі ұстанымы туралы ой бөлісіп, ақпарат саласын ілгерілету бағытындағы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

 Миуагүл Байназарова 2000-2020 жылдар аралығында «Айқын» газетінің  облыстағы меншікті тілшісі, 2020 жылдан бастап «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі қызметінде. 2016 жылдан бері республикалық «Тіл мерейі» газетінде директор-бас редактор қызметін қоса атқаруда. Ол – «Ең үздік тілші» атағының, «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісінің иегері. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<