Қаратау күй төккен күн

212

0

Жаңақорған аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет сарайында дәулескер күйші, халық композиторы Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Дәстүрлі күйшілік өнер және күйші Әлшекей Бектібайұлының мұрасы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Ғылыми шараға өнер зерттеушілері, әлшекейтанушы ғалымдар қатысты.   Мәдени шараны аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов сөз сөйлеп ашты: «Қарт Қаратау мен Сыр ананың бойын жайлаған Жаңақорған өңірі – талай табиғи таланттар мен дарындар шыққан киелі өнер өлкесі. Аузымен құс тістеген Құлан ақын, Құтбай, күй атасы Әлшекей, «бір өзі бір театр» атанған Манап Көкенов, ән еркесі Бексұлтан, қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар Төлепберген Әбдірашев, ақын Адырбек Сопыбеков туған қасиетті топырақтан өнер көшінің керуені бір сәтке тоқтаған емес», – деді аудан басшысы. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Жаңақорған ауданында күйшінің мерейтойына орай ақпан айында үлкен өнер фестивалі өткізілгенін айтып, игі шаралардың жалғасын таба беретіндігін жеткізді.

Мұндай шаралардың ел тарихын халық санасында жаңғыртып, жастар тәрбиесіне үлкен үлес қосатыны анық.

Әлшекей Бектібайұлы 1848-1932 жылдары өмір сүрген күйші. Қазақтың күйшілік өнеріне қымбат қазына қосқан қайталанбас дара тұлға. Әлшекейдің: «Тоқырау», «Адасқан қыз», «Аққу жеткен», «Нарсоққан», «Терісқақпай», «Қара жорға», тағы басқа күйлері ел арасында кеңінен тарап кеткен.

Дәулескер күйшінің мұрасы қазақ өнерінің айналымына кешеуілдеп қосылды. Мұның бірінші себебі – күйшінің кеңес өкіметінен қуғын көргені, екіншісі елден жырақта жүріп, сүйегінің де сырт жерде қалғаны.

1902 жылы «Орынбор-Ташкент» темір жолы тартылып, Жаңақорған жеріндегі Төменарық вокзалы салынғанда оның ашылу салтанатында Сыр мен қырдың күйші-жыршылары жиналып, өнер көрсетеді. Сол салтанатқа Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Николай Иванов арнайы келеді. Орыс шендісі өнерге жақын адам екен. Ол әсіресе күйшілер өнеріне ерекше тамсанады. Күй шеберлері арасынан домбыра қағысына көз ілеспейтін Әлшекейдің күйшілігіне тәнті болады. Осы сезімінің разылығын білдіру есебінде күйшінің суретін салдырып, вокзал төріне ілгізіп қояды. Мұның өзі күйшінің ел ішіндегі беделі мен бет-бейнесінің көрінісі болса керек.   

Конференцияға жиналған көпшілік алдымен жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының «Әлшекей. Күй-ғұмыр» атты тарихи драмасын тамашалады. Пьесаны «Бірлік» ауылдық халықтық театрының артистері сахналады. Қоюшы режиссеры – Дінмұхамед Әбжаппаров.

Ғылыми конференцияда Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық университеттің қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбаев, филология ғылымдарының кандидаты, дәстүрлі музыка өнерін насихаттаушы Берік Жүсіпов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын күйші Әлшекейдің мұрасын зерттеу бағытындағы бүгінге дейін орын алған олқылықтар мен зерттеу жұмыстарында келешек қандай қадамдар жасалуы керектігін саралады.  

Келесі кезекте жазушы Жолтай Жұмат сөз алып, ғылыми айналымға енген күйшіні өзі зерттей бастаған кезден тарқатып, шығармаларына талдау жасады. Әлшекейдің қуғын көрген күйлері, жеке басының өмірі туралы тағдырлы шығарманың алдағы кезеңде үлкен театрларда қойылатынын айтты. «Бұл – Әлшекей күйші жөнінде жазылған алғашқы пьеса. Оның идеясы – күй мен қазақ тарихының біртұтас екендігі. Біз шығармада осы ойды  жеткізуді көздедік. Ендігі кезекте көрермен Әл-Фарабидің өміріне арналған шығармам мен башқұрт драматургі Флюр Галимовтың «Олимптің күйреуі» атты тарихи драмасының аудармасын тамашалайтын болады», – деді жазушы-драматург.

Шара барысында сөз алған Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Зинабдин Шермұхамедұлы бабаның туған жерінде дәріптелуіне зор ризашылығын білдіріп, әсіресе бүгінгі қойылымның күйшіні қайта тірілткендей болғанын толқыныспен жеткізді. Ауданда Әлшекей атындағы өнер мектебінің жұмыс істейтінін, сонымен қатар Әлшекей атындағы халықтық оркестр құрылғанын айтып, оның жетекшісі Бәден Айсыновтың атын атады.

Күйші бабаның ұрпағы, «Құрбан ата» қоғамдық қорының президенті  Оңғар Дәнебеков баба мұраларын зерттеуде зор еңбек сіңіріп келе жатқан өнер және руханият өкілдерін күйші бабаның мерекелік медалімен марапаттады.

Шараға жиналғандар үшін Сығанақ қалашығының орнына тарихи экскурсия ұйымдастырылды. Күйші рухына арнап ас берілді.

Осы күні ауданның орталық алаңында Әлшекей мұрасына арналған «Ақжелең» атты республикалық күй фестивалі өтті.

Фестиваль шымылдығын Тұрмағанбет атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі ашты. Өнер сайысының құрметті қонақтарын аудан әкімі М.Тілеуімбетов және облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов  құттықтады.

Оркестр Әлшекейдің ондаған күйін шарықтата толғады. Сондай-ақ күйші Мараи Жанғазы өзінің туындысы «Жиделі-Байсын – Әлшекей сарынын» орындады.

 Күйші тойына концерттік бағдарламамен келген «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ақжол Мейірбеков, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Төлжанбек Жақсыбаев, Жадыра Арыстанова, Өмірқұл Айниязов, «Жігіттер» квартетінің әншісі Мырзахан Маханов жаңақорғандықтарға ән шашуын шашып, өнер мерекесінң мазмұнын байыта түсті.  

Әлшекей Бектібайұлы атындағы республикалық ұлттық өнерді дамыту қоры күй алыбының өнерін насихаттау мақсатында республикамыздың өзге де өңірлерінде игі шаралар ұйымдастырып отыр.

Біз мұнан дәулескер күйшінің халық жүрегіндегі екінші өмірінің басталғанын анық сеземіз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»