Қасбетi қайта жасанады

390

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  Қызылорда қаласындағы көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңалауға қаражат бөлген кәсіпкерлермен кездесті. Кәсіпкерлердің бұл игілікті қадамы туған жерге тарту жасаудан  туындаған.

Қазір облыс әкімінің бастамасымен қаладағы 26 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті қайта жаңғыртылуда. Жоба бойынша бұл жұмысқа жалпы ауданы 40 000 шаршы метр  заманауи материалдар қолданылады. Соңғы үлгідегі,  сапалы материалдармен қапталған тұрғын үйлердің қасбеті шаһардың сәулеттік келбетіне жарасымды  көрік береді.

Әрлеу жұмыстары жергілікті демеушілердің,  атап айтқанда қала құрылысшылары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен жүргізілуде. Алдағы шілде айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Қазір Абай даңғылындағы №46, №54 және №62 үйлер, Сырдария шағын ауданындағы №1 және №2 тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары басталып кетті.

Аймақ басшысы   жұмыс сапасына ерекше мән берілуі тиіс екенін атап айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, ел экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер,  осы топырақтан түлеген меценаттар белсенді араласуда. Қайырымдылық шараларына, атамекенін көркейтуге бар күш-жігерін салуда, – деді облыс әкімі.

Кездесуден кейін облыс әкімі  қолданылатын материалдардың  сапасымен танысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<