Қазақстан құрамасы United Cup турнирінде бақ сынайды

855

0

29 желтоқсан – 8 қаңтар аралығында Аустралияның Брисбен, Перт және Сидней қалаларында алғаш рет United Cup командалық турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Хопман кубогі және ATP Cup жарысының орнын басатын аталмыш додаға қатысушылар ATP және WTA рейтингісінде 500 ұпайға дейін ие болып, сондай-ақ табыс қорын толықтыра алады.

Қазақстан намысын Юлия Путинцева (№51), Жібек Құламбаева (жұптық сында №202), Гөзал Айнитдинова (жұптық сында №392), Александр Бублик (№37), Тимофей Скатов (№142), Денис Евсеев (№292) және Григорий Ломакин (жұптық сында №205) қорғайды.

В тобында қазақстандықтар Польша және Швейцария құрамаларымен сынға түседі. Бұл топтағы бәсекелердің бәрі Брисбенде өтеді.

Бір қызығы, Қазақстан әйелдер құрамасы Польша теннисшілерімен Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сатысында алдағы жылдың сәуірінде Астанада да ойнайды.

Польша құрамы: Ига Свентек (№1), Хуберт Хуркач (№10), Магда Линетт (№48), Каспер Жук (№245), Даниэль Михальский (№260), Алиция Росольская (жұптық сында №32), Лукаш Кубот (№245).

Швейцария: Белинда Бенчич (№12), Стэн Вавринка (№148), Жиль Тайхман (№35), Марк-Андреа Хюслер (№56), Илена Ин-Альбон (жұптық сында №124), Доминик Стефан Штрикер (№118), Джоан Цугер (№188), Александер Ричард (№169).

29 желтоқсан күні қазақстандықтардан алғашқы болып Юлия Путинцева, іле-шала Тимофей Скатов шығады. Ю.Путинцева швейцариялық Белинда Бенчичпен шеберлік байқасады. Онымен бес рет кездесіп, үшеуінде жеңген еді. Т.Скатовтың қарсыласы – Марк-Андреа Хюслер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<