Айдос Сарымның төрағалығымен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысыөтті. Онда «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер талқыланды.
Айдос Сарым Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселелерді бөлшектеп емес, жүйелі түрде шешу керектігіне баса назар аударғанын айтты. Бүгінде бұл жұмыстың жүргізілуіне қатысты негізді шағымдар бар, сондықтан осы заң әзірленді. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жиынға қатысушыларды заң жобасы мен ілеспе түзетулердің негізгі ережелерімен таныстырды. Бұл ретте жаңа заң қабылданған кезде қолданыстағы бес заң күшін жояды. Олардың қатарында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң да бар. М.С.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетінің қауымдастырылған профессоры, Қоғамдық палата мүшесі Мүсілім Хасенов мұндай әдіс әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша заңмен нығайтылған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің елімізде қалыптасқан жүйесіне нұқсан келтіретініне назар аударды. Өйткені жалпы профилактикада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ерекшеліктері толық ескерілмеуі мүмкін. Қолданыстағы заңды алып тастамай, керісінше, оның негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің ауқымы мен құрылымы кеңейетін заң қабылдап, күшейту қажет.
Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы сот төрелігі Академиясының қылмыстық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының профессоры Ардақ Биебаева заң жобасында құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілері тым кең түсіндірілетінін, оның ішінде субъектілер қатарына қарапайым азаматтар да жатқызылғанын атап өтті. Оның пікірінше, ерекше мәртебесі жоқ азаматтарды тек профилактикалық іс-шараларға қатысушылар ретінде қарастыруға болады, әйтпесе бұл олардың жауапкершілігінің орындалмауына әкелуі мүмкін.
Өз кезегінде жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов заң жобасымен жұмыс барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық қорғау органдарының қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен өзара іс-қимылына ерекше назар аудару жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бұл мәселеде тек заңнамалық шаралар жеткіліксіз. Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмысты нақты жоспарлауды қамтамасыз етіп, ел тұрғындарына құқықтық тәртіпті мектеп қабырғасынан бастап енгізу қажет.
Жиын барысында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев және басқалар құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы заңнамаға қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.
Сөз соңында Айдос Сарым отырыс барысында айтылған пікірлер мен сараптамалық қорытындылар Қоғамдық палатаның қорытынды ұсынымдарында жинақталып, заң жобаларымен одан әрі жұмыс істеу үшін жұмыс тобына берілетінін атап өтті.
