Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің құрылыс нысандарындағы жұмыс барысы және коммуналдық қызмет көрсету мәселелері сараланды. Оған қала, аудан әкімдері мен жауапты сала басшылары қатысты.
Аймақ басшысы бірінші кезекте құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.
– Жаңа ғимараттардың өңіріміз үшін маңызы зор. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапасына, мерзіміне қатысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Құрал-жабдықтары, жан-жағының абаттандырылуы межелі уақытта толық дайын болуы керек, – деді облыс әкімі.
Жиында жыл соңына дейін ашылатын жаңа нысандардың дайындығы пысықталды. Жақын күндері аймақ басшысының қатысуымен Арал ауданы Мергенсай ауылдық округінде салынған 150 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, аудан орталығында 60 пәтерлік 30 тұрғын үйдің кілті табысталады. Қамыстыбас ауылдық округіндегі автоматтандырылған газ тарату стансасы ашылады.
Сонымен қатар, Қазалы ауданында да 80 пәтерлік 40 үй пайдалануға беріліп, Сарбұлақ елді мекенін таза ауызсуға қосу рәсімі өтеді.
Жиын қорытындысымен облыс басшысы қыс мезгілінде коммуналдық қызметтер үздіксіз әрі сапалы көрсетілуі тиіс екенін ескертті.
«СБ» ақпарат





