Сенімді нықтаған бірегей бағдарлама

6

0

Арал қаласында жергілікті кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірісін жаңғыртып, жұмыс ауқымын кеңейтті.

Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту – «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы тұрғындарға өз ісін бастауға, дамытуға және табысын арттыруға нақты мүмкіндік беріп отыр.

Гүлсая Әбілдаева өткен жылы 9,8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жолдасы Сәбит Атақұловпен бірге пластик өнімдерін шығаратын шағын цех жұмысын жандандырды. Бұл отбасы 10 жылдан астам уақыт кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Дегенмен өндірістік қуатты арттырып, заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізу ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген.

«Ауыл аманаты» жобасы аясындағы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие олардың жоспарын жүзеге асыруға жол ашты. Кәсіп иелері түркиялық Craft және Yilmaz маркалы заманауи құрылғылар сатып алып, өндірісті толық жаңғыртты.

Жаңа технологиялар өнім дайындау уақытын едәуір қысқартқан. Бұрын 10-15 күнге созылатын процесс бүгінде 4-5 күн ішінде аяқталады. Бұл тек уақыт үнемдеу ғана емес, өнім сапасының да айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді.

Қазіргі таңда цех өнімдеріне сұраныс жоғары. Тапсырыс тек Арал ауданының елді мекендерінен ғана емес, басқа аудандардан және Ақтөбе өңірінен де түсіп жатыр. Өндіріс көлемі нақты тапсырысқа байланысты қалыптасады.

Кәсіпкердің айтуынша, жаңа мүмкіндіктер олардың жұмыс қарқынын түбегейлі өзгерткен.

– Бұрын көп жағдайда қол еңбегіне сүйеніп, әр тапсырысты ұзақ уақыт дайындайтын едік. Кейде бір өнімді аяқтау үшін 10-15 күн қажет болатын. Қазір заманауи құрылғылардың арқасында уақыт бірнеше есе қысқарды. Ең бастысы, сапаға деген талапты күшейтіп, тұтынушылардың сеніміне ие болдық. Сұраныстың артуы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әр тапсырысты уақытында әрі сапалы орындауға тырысамыз,– дейді Гүлсая Әбілдаева.

Бүгінде отбасылық цех екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы жоспар – өндіріс көлемін ұлғайтып, цехты кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл жоба олардың кәсібіне үлкен серпін берген.

– «Ауыл аманаты» бізге тек қаржылай қолдау емес, өзімізге деген сенімді де арттырды. Бұрын шағын деңгейде жұмыс істесек, қазір өндірісті кеңейтіп, жаңа сатыға көтерілдік. Әрбір тапсырысқа жауапкершілікпен қараймыз. Алдағы уақытта жаңа технологияларды енгізіп, өндірісті толық автоматтандыруды көздеп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Бұл – тек бір отбасының жетістігі емес, тұтас ауыл экономикасының дамуына қосылған үлес. Осындай нақты жобалар арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпке деген қызығушылығы артып, еңбекке деген ынтасы күшейіп келеді.

Айта кетейік, 2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында Арал ауданында 1 млрд 113 млн теңгенің 179 жобасы қаржылай қолдауға ие болған.

Аружан АБЫЛАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 2-курс студенті