Қызылорда – Жезқазған жолы: Алғашқы асфальт төселуде

3630

0

Экономикада басты міндеттердің бірі – жол инфрақұрылымын дамыту. Республикалық маңыздағы ғана емес, ауыл-аймақтағы автожолдардың өзі тақтайдай тегіс, сапалы салынуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған баса мән беріп, Үкіметке тиісті тапсырма берген болатын. Енді жылдан-жылға жол құрылысына бақылау күшейіп келеді.

Расымен, Президент пәрменінің жөні бар. Былтыр қыркүйектегі Жолдауында автожол құрылысына қатысты, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасыздығы жөнінде бірталай сын айтты. Қыруар қаржы бөлінсе де, шешімін таппаған мәселеге Мемлекет басшысы алаңдаған еді.

«Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс». Президент дәл осылай деді.

Жалпы республика бойынша 96 мың шақырым автожолдың ішінде біздің Қызылордаға тиістісі 3420 шақырым. Оның ішінде республикалық 1016, облыстық 555 және аудандық маңыздағы жол ұзындығы 1849 шақырымды құрайды. Мұнда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны мен «Қызылорда-Жезқазған» жолы республикалық статусқа ие. Ал былтыр облыстағы жолдың индикаторлық көрсеткіші 82 пайыз болды. Биылғы көрсеткіш қорытындысы жыл соңында белгілі болады. Ал қазір жол құрылысының қарқынды жүретін уақыты басталды.

Оған дәлеліміз де жоқ емес. Облыс орталығы немесе аудан мен ауыларалық жолдардың жаңартудан бөлек, ірі жол құрылыстары жоқ емес. Соның бірі – көпшілік үшін көкейкесті мәселеге айналған «Қызылорда-Жезқазған» автожолы. Өңірге тиесілі 216 шақырым жолға 6 лот бойынша конкурс жарияланса, төртеуінің мердігері белгілі болды. Үшеуін қытайлық компания, қалған бір лотты ұтқан жергілікті жол салушы жалғыз мердігер – «Қыран» ЖШС.

– Қазір «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы автожолдың облысқа қарасты 204 шақырымы қайта жаңғыртудан өтуде. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған жол құрылысы 2022-2025 жылдар аралығын қамтитын болады. Аймақ шекарасына кіретін жолдың сапалы салынуы әрі уақытылы жүріп, өз мерзімінде бітуі облыс әкімінің тікелей назарында. Болашақта аталған бағыттағы жол облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер беретіні сөзсіз, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Сыздықов.

Қазір құрылысы қарқын алған жолда ауыр техникалар әрлі-берлі жүрсе, белгіленген екі жерге асфальт шығару зауыты орналасыпты. Нақтырақ айтсақ, жолдың 102-шақырымында 160 тонна асфальт өндіруге қауқарлы қытайлық зауыт қондырылса, 170-шақырымында германиялық 240 тонналық асфальт зауыты қойылған. Алдағы уақытта тағы бір 160 тонналық зауыт қажетті жерге тұрғызылады. Сондай-ақ, құрылыс заттарының барлығы жергілікті өнім. Жаңақорған ауданынан тасылуда.

– Жоба-сметалық құжатта қалай көрсетілсе, жолдың ені не қалыңдығы солай салынуы тиіс. Дәл осы республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы жолдың ені 9 метр, қалыңдығы үш қабаттан 27 сантиметр болуы тиіс. Бұл жерде Қызылорда бағытының 12-ші шақырымынан бастап Жезқазғанға дейінгі 216 шақырым аралығы жөнделеді. Барлығы – 204 шақырым. Қазір төртінші лот бойынша асфальт төсеу жұмыстары жүруде. Бұны жергілікті «Қыран» ЖШС іске асыруда. Ал қалған лот бойынша ұтқан мердігер мекемелер жолдың астыңғы қабатын көтеру, айналма жол салу, тегістеу немесе нығыздау жұмыстарымен айналысып жатыр. Анықтап айтсақ, облысқа тиесілі 216 шақырым жолдың 140 шақырымында құрылыс басталды. Жұмыс кестесіне сәйкес, 2024 жылдың аяғына дейін барлық құрылысын бітіріп, 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда, – дейді «Қазавтожол» АҚ ҰК Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Ерсайын Мұзафар.

Бір сөзбен айтқанда, жол инфрақұрылымы өте – маңызды әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің даму деңгейі де жол сапасымен бағаланады. Ал облыс бойынша биыл жолға бөлінген қаржы мол. Тек қарымтасы қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<