Республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция

756

0

 «Жаһандық құзыреттілік: жаңартылған білім беру мазмұны жағдайындағы soft skills, интеграция және функционалды сауаттылық» тақырыбында республикалық онлайн конференция өтті. Оны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастырды.

Конференцияға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының оқытушылары, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен жалпы орта, техникалық және кәсіптік, қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері, аудандық білім бөлімі әдіскерлері, жаңартылған білім беру мазмұны аясында пәндерді оқытуда soft skills дағдыларын қолдану, кіріктіре оқыту және пәнді оқытуда функционалдық сауаттылықты арттыру әдістемесімен бөлісу, озық тәжірибелерді анықтау, тарату мақсатындағы республикалық бас қосуға 7 облыстан 150-ден аса педагог тартылды.

Жиынның пленарлық тыңдалымына жаһандық құзыреттіліктер мен құндылықтар Ыбырайдың педагогикалық мұраларында, Хакім Абай мен Елбасы ойларындағы үндестік, жаңартылған білім мазмұны аясында сабақ мақсатын дұрыс құрудың маңыздылығы, химия пәнін оқытудағы «Education scrum» тәсілін қолданудың тиімділігі, VUCA-әлеміндемұғалім қалай табысты бола алады, аналитикалық талдау тапсырмалары арқылы оқушылардың дереккөздерді зерттеу дағдыларын қалай дамытуға болады және қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушылардың ауызша және жазбаша тілін дамыту жұмыстары тақырыбындағы мәселелер ұсынылды.

Конференцияда Бауыржан Елеусінов («Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры), Өскемендік педагог-шебер Роза Чекетаева (ҚР ТжҚҒ академиясының мүшесі, Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі), педагогика ғылымының магистрлері Б.Матекова, Ж.Жұбауова, Л.Отарбаева («Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары бойынша ПҚ БАИ аға оқытушылары), Б.Қағазов (ББЖ БҒПҚ БАРИ аға оқытушысы), Н.Абджалиев (Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ мұғалімі), А.Бақытова (Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы А.Бисенов атындағы №38 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі) келелі ой-тәжірибелерін ортаға салды.

Ұйымдастырушы-модератор, филиалдың аға оқытушысы Раушан Мәрсәлі пленарлық тыңдалым жұмысының қорытындысында кері байланыс алып, қатысушылар сұрақтарына жауап берді. Соңында қатысушыларға бірыңғай үлгідегі сертификат беріліп, пленарлық тыңдалымда сөз алған қатысушыларға филиал директорының алғыс хаты табысталды.

Гүлхаят МАХМУТОВА,

 «Өрлеу» БАҰО»  АҚ Қызылорда облысы бойынша

филиалының PR, MM маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<