Өңірлік дамудың жаңа аспектілері

441

0

Соңғы жылдары көмірсутегі шикізатын өндірудің төмендегеніне қарамастан, өңірде экономикалық ахуал тұрақты сақталып келеді. Өңірдегі сан түрлі саланың даму жолын жетілдіріп, тиімді нәтижеге қол жеткізу бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда.  

Облыс әкімдігінің бастамасымен өңір­дің әлеуметтік-экономикалық жағдай­ын арттыруды көздейтін өзекті мәселе­лер республикалық деңгейде талқылан­ды. Ондағы мақсат – мұнай-газ, су шаруашы­лығы салаларындағы, инженерлік инфрақұ­рылымды дамытудағы және тағы басқалай салалардағы қордаланған мәселелерді шешу.

Мәселен, мұнай-газ саласында «Оң­түстік Торғай», «Сарысу» және «Сыр­да­рия» шөгінді бассейндерінде геоло­гиялық жер-қойнауын зерттеу жұмыстарын жүр­гізу ұсынылды. Бұл мұнай қоры көздерін айқындап, мұнай-газ саласындағы жағ­дайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Осы саладағы тағы бір күрделі мәселе – облыстағы жер қойнауын пайда­ла­нушыларға ішкі нарыққа мұнай жеткізу ауырт­палығын төмендету мәселесін де қарастыру ұсынылды. Бұл шара олардың қаржылық жағдайын жақсартуға ықпал етпек.

Ал, Байқоңыр кешенінде «Арнайы экономикалық аймақ құру» жобасы әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым, туристік нысандарды дамытуға мүмкіндік бермек.

Қызылорда қаласындағы «Жылу Электр Орталығына» қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, осылайша қолданыстағы жылу қуаттылықтарын толық жаңарту ұсыныл­ды. Сонымен қатар, облыстың 3 аудан орта­лығы мен 7 елді мекенді табиғи газ пайдалануға қосу,  15 елді мекендегі және Байқоңыр қаласындағы сумен жаб­дық­тау жүйелерін жақсарту мәселесі де енгізілді.

Су шаруашылығы саласында – «Көк­арал бөгетін сақтау және Сырдария өзені­нің сағасын қалпына келтіру», «Қызыл­орда су торабын реконструкциялау»,  «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қойма­ларының құрылысы» сияқты ірі жобаларды республикалық бюджет қаржысы есебінен жүзеге асыру ұсынылды.

Осы мәселелер бойынша «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық да­муының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» әзірленіп, ағымдағы жылдың маусым айында бекітілді.

Осыған дейін кешенді жоспар тек Нұр-Сұлтан қаласында, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ғана қабылданса, төртінші болып Қы­зылорда облысы бойынша бекітілді. Яғни, өңір үшін құжаттың маңыздылығы өте зор.

119 іс-шараны жүзеге асыруды көз­дейтін Кешенді жоспар бойынша бүгінде орталық мемлекеттік органдармен жұ­мыстар басталды.

Облыстық экономика және 

бюджеттік жоспарлау басқармасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<