Құрмет көрсетті

264

0

Болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін күрескен арқасүйер ардагерлерді ұлықтау, құрметтеу – бүгінгі саналы ұрпақтың парызы. Отан үшін от кешкен жауынгерлер қандай да құрметке лайық. Жеңіс күні қарсаңында облыстық полиция департаменті басшысы, полиция полковнигі Арыстанғани Заппаров бастаған қызметкерлер соғыс ардагері Махамбет Бержанов пен қызмет бабында қайтыс болған полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың ата-анасын құттықтады. 

Соғыс ардагері, 94 жастағы Махамбет Бержанов Сырдария ауданында тұрады. Соғыс кезінде Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-ші атқыштар полкінде Чита облысында әскери борышын атқарып, 1945 жылы Жапон соғысына қатысқан.

Ұлы Отан соғысы жылдарында «Жа­по­нияны жеңгені үшін» I дәрежелі орде­німен, «Ерен еңбегі үшін», «Ке­ңес милициясына – 50 жыл» меда­ль­да­рымен, «Үздік қызметі үшін» төс­бел­гісімен марапатталған.

Майдангер 1948 жылы майданнан оралғаннан кейін, осы жылдың маусым айынан бастап, 1953 жылдың наурыз айына дейін Жалағаш және Қармақшы аудандық милиция бөлімінің кіші жедел уәкілі лауазымынан бастаған. Бү­гінде ардагер немере-шөбере сүйген ар­дақты ата.

Ардагерді облыстық полиция депар­таментінің басшысы, полиция пол­ков­нигі Арыстанғани Расылханұлы құт­тықтады.

– Сіздердің майдан даласында, тылда қосқан еңбектеріңіз өлшеусіз. Бола­шақ ұрпаққа сыйлаған бейбіт заман, ашық аспан, теңдесі жоқ ерлік­теріңіз үшін жеке құрам атынан ал­ғы­сымды білдіремін. Әрдайым алды­мызда аман жүріңіз, – деген жылы лебізін білдірді.

Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Серікбол Тұң­ғышбай да майдангерге құттықтау ле­бізін жеткізіп, сый-сия­пат­тарын та­быс­­тады.

Айта кетерлік жайт, облыстың полиция департаментінде 2 соғыс ардагері, оларға теңестірілген 2 ардагер және 11 тыл еңбеккері қызмет атқарған.

Сонан соң, полицейлер небәрі жиырма бес жасында өшпес ерлік көр­сетіп, жанын қиған қаhарман, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция лейтенанты Қозыбаев Тал­ғаттың шаңырағына ат басын тіреді. Сақшылар Талғатты тәрбиелеген Есентай аға мен Шынар апа, ұлы Алматқа жылы лебіздерін, шексіз алғыстарын білдіріп, сыйлықтарын ұсынды.

Айта кетерлік жайт, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауда­нының Мәлібаев ауылындағы көше­лердің біріне берілді. Сондай-ақ, оқы­ған №131 орта мектеп ауласында ес­керт­кіш орнатылды.

Шынар БЕКБАН.