Сахнада – «Симфония сазы»

3985

0

Жыл жылжыған сайын мәдениет майданындағы тартыс қызып барады. Саф өнердің саңлақтарын анықтайтын уақыт пен көрерменнің риясыз көңілі ғана. Сөзіміздің дәлелі өткен аптада облыстық симфония оркестрінің «Симфония сазы» атты кезекті концерті өткен болатын.

Күзде Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойы аясында аймақ басшысының тікелей қолдауымен тұңғыш рет облыстық филармония жанынан симфония оркестрі құрылғаны көпке мәлім. Мерейтой аясында алғаш рет концерт берген оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе.  Ал оркестр құрамына ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптар бойынша 30 кәсіби музыкант қабылданып, ұжым 50-ден аса маманнан жасақталған.

– Облыс тарихындағы алғашқы симфония оркестрінің бүгін төртінші концерті өтуде. Бұған дейін Астана қаласында өткен Сыр өңірінің мәдениет күндерінде өнер көрсеттік. Жақын арада ашылуы өтетін «Өнер орталығының» тұсаукесер кешіне қызу дайындықтамыз. Биыл мәдениет саласына қолдау жоғары. Оркестрге қажетті аспаптардың барлығы жаңадан сатып алынды. Оның ішінде ішекті, ұрмалы, үрмелі аспаптар бар. Музыканттарға арналған сахналық киімдер де қамтылуда.

Сонымен бірге «Өнер орталығында» концерттер ұйымдастырудан бөлек биыл көрші облыстармен тығыз байланыс орнатып, гастрольдік сапарға шығу жоспарымызда бар, – дейді бас дирижер Мүсілім Әмзе. 

Ал жыл бойы атқарылған жүйелі жұмыстарды өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова баяндады.

– Былтыр Сыр мәдениетінің тарихында алтын әріппен жазылатын айтулы оқиғалар көп болды. Аймақ басшысының қолдауымен бірнеше мәдени нысан ашылып, ел игілігіне берілді. Тағы бір айтулы жаңалық Арқа төрінде Астана қаласының 25 жылдығы мен Қызылорда облысының 85 жылдығына арналған Сыр өлкесінің өнер күндері жоғары деңгейде өтті. Биыл да мәдениет мәртебесін асқақтататын айшықты шаралар мен бірқатар бастама жалғасын табады. Жеті ауданда типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынады және елді мекендерде мәдени-спорттық кешендердің жобасы әзірленуде. Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған «Әділ сөздің алдаспаны» атты тұңғыш республикалық командалық айтыс та биыл Сыр өңірінде өткізіледі.

 Сонымен қатар сәуір айында Алматы қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өтеді деп жоспарлануда. «Тұран» облыстық рухани-мәдени, шығармашылық фестивалі және композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановтың шығармашылығына арналған «Сыр Ана» республикалық әншілер конкурсы басталады. Сондай-ақ Байқоңыр қаласында мемлекеттік және ұлттық мерекелерді өткізу жоспарымызда бар. Бұдан бөлек, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына арналған «Ақбаян» республикалық әншілер конкурсы ұйымдастырылады, – деді М.Қазбекова.

Айта кету керек, өткен жыл Сыр өнері үшін ерекше жаңалықтармен есте қалды. Аталған шаралардан бөлек алғаш рет композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» І халықаралық әншілер конкурсы, ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Ұлт руханияты және Темірбек Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» тақырыбында халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция, түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-өнер фестивалі былтыр алтыншы рет өткізілді. Фестивальге 6 елден және елімізден 200-ге жуық өнерпаз қатысты. Биыл да Сыр мәдениетіне маңыз беріліп, түрлі тың жаңалықтарымен қуантады деген ойдамыз.

Дина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<